Алаяқтар дропперлер арқылы 400 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған 

фото: ЖИ

Қазақстанда соңғы бес айдың өзінде алаяқтар дропепперлер арқылы азаматтардан жымқырылған шамамен 400 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған, деп хабарлайды «24KZ».

Бас прокуратураның мәліметінше, банк шоттарын заңсыз бергені немесе басқа тұлғалардың мүддесі үшін ақша аударымдарын жасағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысында сот 19 жастағы 7 колледж студентін 3 жылға бас бостандығынан шектеді. Олар банк шоттарын ашып, қолжетімділікті алаяқтарға берген. Осы шоттар арқылы азаматтардан, оның ішінде зейнеткерлерден де жымқырылған 4 миллион теңгеден астам ақша өткен, - дейді Бас прокуратураның баспасөз қызметі. 

Дропперлік үшін қылмыстық жауаптылық енгізілген 16.09.2025 ж. бастап ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша 700-ден астам қылмыстық іс тіркелді.  216 дроппер жауаптылыққа тартылып, оның 202-сі сот үкімімен сотталды.

Енді олар сот белгілеген шектеулерді сақтауға, мәжбүрлі еңбекке тартылуға және пробация қызметінің есебінде тұруға міндетті.

Бұл талаптар орындалмаса, жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылып, олар түзеу мекемесіне жіберіледі.

Егер бұрын өз шоттарыңызды үшінші тұлғаларға пайдалануға берген болсаңыз, құқыққа қайшы схемаларға тартылу қаупін болдырмау үшін дереу банк бөлімшесіне жүгініңіз немесе онлайн-банкинг арқылы картаңызды өзіңіз бұғаттаңыз. ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының ескертпесіне сәйкес, құқыққа қайшы схемаға тартылған, бірақ бұл туралы уәкілетті органдарға өз еркімен хабарлап, қылмысты ашуға белсенді түрде көмектескен тұлға қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Алаяқтардың құралына айналмаңыз, - дейді прокуратурадан.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз