Жекеменшік мектептер лицензиясынан айырылды
Биыл 22 жекеменшік мектеп лицензиясынан айырылды. Жалпы елде саны бар, сапасы жоқ сондай білім ошақтары қаптады.
Соңғы 5 жылда 856-ға жетті. 325 мың оқушы, 32 мыңнан аса педагогпен қамтылған. Алайда партаға отырғызып, тек пайдаға кенелуді көздегендері көп. Мәселен, әр үшінші жекеменшік мектеп бастауыш сыныптарға басымдық берген. Сөйтіп, оқушы орындарына тапшылық жоқ 7 облысқа мемлекет құр босқа 2 млрд теңгедей шығындады. «Есебін тапқан екі асайды», - дегенмен құзырлы органдар есесін қайтармақ. Қателіктен сабақ алғандықтан жекеменшік мектептің өңірге керек пе, жоқ па енді ол жағын жергілікті әкімдіктер шешеді.
Жомарт Карамбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитеті төрағасының орынбасары:
- Енді мектеп ашуға лицензиялар аймақтық қажеттілік расталған жағдайда ғана беріледі. Мысалы, 3 ауысымдық мектептерді, апатты ғимараттағы мектептерді жою немесе мемлекеттік мектептердің жетіспеу салдарынан туындаған жағдайға қарап, осындай лицензиялар қарастырылып беріледі.
Құлқынның қамын ойлаған кәсіпкерлердің қулығына құрық бойламайды. Тағы бір қитұрқылықты айтайық. Оқушыларды көбейтіп көрсетіп, 261 млн теңгеге артық кенелу дерегі тіркелген. 41 мектепте 1200-ден астам шәкірт «қосып жазылған». Алайда асқанға тосқан. Үкімет жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беру бойынша мораторий енгізді. Сондай-ақ білім беру қызметіне сай келмейтін ғимаратта отырғандар да құр қол қалады. Осындай қатаң шарадан соң 163 білім ошағының 130-сы түзеліпті. Қысқасы, былтыр «OrtaBilim» сервисі іске қосылды. Бұл тетік жекеменшік мектептерді Қаржы министрлігінің «e-Qazyna» платформасына көшіріп, толық цифрлануына ықпал етеді. Қысқасы, әккі кәсіпкерлерге қарсы әдіс табылды.