ҚР Конституциялық сотына жүгіну талаптары өзгерді
Еліміздің Конституциялық сотына жүгіну шарттары мен өтініштерді қабылдау талаптары өзгерді.
Бұны ҚР Конституциялық сотының өтініштерді бастапқы қарау және қабылдау бөлімінің меңгерушісі Салтанат Нұрымбетова хабарлады. Оның айтуынша, бұл өзгеріс азаматтардың құқығын тиімді қорғау үшін енгізіліп отыр. Оған сәйкес, енді азаматтар даулы мәселе бойынша өтініш жолдаған кезде күшіне енген сот актісі мен аппеляциялық сот шешімін алып келуі тиіс. Сондай-ақ міндетті түрде құқық бұзылу белгілерін көрсету қажет. Айта кетерлігі, Конституциялық сот жанында азаматтарды қабылдау орталығы ашылған. Әр қазақстандық осында келіп, өз құқықтарын қорғау жөнінде тегін кеңес ала алады.
Салтанат Нұрымбетова, ҚР Конституциялық сотының өтініштерді бастапқы қарау және қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
- Ендігі кезекте Конституциялық сотқа ҚР азаматтары өздерінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын нормативтік-құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру мәселелерімен жүгінгенде осы даулы болып тұрған нормативтік-құқықтық актінің тиісті сот актісінде қолданылуын дәлелдейтін және бұл мәселе бойынша тиісті аппеляциялық сот сатысының тиісті сот актісін де ұсыну керек болады.