Құны 4 млрд доллар болатын меморандумға қол қойылды

Абай облысы мен Қытай компаниялары арасында жалпы құны 4 миллиард доллар болатын меморандумға қол қойылды. 

Облыс әкімі Берік Уәли бастаған өңір делегациясы Қытай Халық Республикасына барып, Үрімші, Бейжің, Ордос қалаларында бірқатар іскерлік кездесу өткізіп, маңызды келісімдерге қол жеткізді. 

Өңір өндірісінің өркендеуіне жол ашатын келелі келісімдердің бірі «Ваньцзян Инвест» компаниясымен жасалды. Ішкі Моңғолия автономиялық аймағының Ордос қаласында орналасқан бұл кәсіпорын көмір өндіру, тасымалдау, өңдеу, жаңа энергетика, жабдық шығару, құрылыс және өзге де бағыттарды қамтиды. Меморандум аясында Абай облысында алюминий зауыты мен қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станцияларын іске асыру жоспарланған. Жобалардың жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларына тең.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Өнідіріс орындарын аралап көрдік. Өте дамыған, ірі компания екен. Олар да Абай облысына жылына 300 мың тонна алюминий өнімін шығаратын зауыт салуды көздеп отыр. Бұл облысымыздың дамуына ерекше тартылған инвестиция деп айта аламын. 

Айбек Рахымбаев, Абай облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Жалпы осы сапар нәтижесінде Берік Уәлиұлының бастамасымен біз Абай облысына 4 млрд АҚШ долларын құрайтын осындай келісімдерді алып келдік. Енді біздің тарапымыздан тек қана жұмыс жасау, осы келісімдерді іске асыру керек. Жобаларды бастау, жұмыс орындарын құру – нақты мақсатымыз.

Аймақ басшысы Бейжің қаласында «DDS Group» және Jiachen Group компанияларының басшылығымен кездесті. Кездесу қорытындысында жалпы құны 2,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумға қол қойылды. «DDS Group» компаниясы Мақаншы ауданының Бақты ауылында аумағы 3 000 гектар болатын өнеркәсіптік парк құрылысын, ал Jiachen Group компаниясы алюминий зауытын салуды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков