Автолизинг бағдарламасы қайта іске қосылады

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы қайта іске қосылуы мүмкін. 

Өткен аптада Сенат тиісті заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Онда 2025 жылдағы пилоттық бағдарламаның олқылықтары ескерілген дейді құжат авторлары. Осылайша, ел азаматтары үшін жаңа көліктердің қолжетімділігін арттыру көзделген. Алайда мамандар бұл бағыттағы жұмыстарды түбегейлі қайта қарау керек деген пікірде.

Алексей Алексеев, автосарапшы:

-  Бізде алғаш іске қосылған автолизинг жүйесі әлемдік тәжірибеге мүлде ұқсамайды. Себебі басқа жақта лизингтің пайызы жоқ. Азамат салоннан немесе компаниядан көлікті жалға алып, сол уақытта жаңа автокөліктің жоғалтатын құнын бөліп төлейді. Яғни үш жылға алса, айырманы 36 айға бөліп алады. Жалдау уақыты біткен соң ол көлікті компанияға қайтаруына немесе басқа көлікті лизингке алуына болады. Бұл әдіс азаматтарға да, лизинг компаниясына да, өндірушілер мен сатушыларға да тиімді. Сондай-ақ елдегі автокөлік паркі үнемі жаңарып отырады. Ал бізде оны қымбат несие ретінде ұсынып отыр. Оны тиімді етпесе, лизингке сұраныс болмайды. 

Бұған дейін елде заңды тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы табысты жұмыс істеп келді. Ол әсіресе фермерлер мен ірі компаниялар үшін тиімді болатын. 2025 жылдың соңында лизинг портфелі 3,4 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 36 пайыз өсім көрсеткен. Ал кейінгі бес жылдағы көрсеткіш төрт есе жоғарылады.