Көлік лизингі: Бельгия тәжірибесі

Бельгияда биылдан бастап компанияларға электромобильдерді лизингке алу тиімдірек бола түсті. 

Ал бензин немесе дизельмен жүретін көлік үшін үстеме салық талап етіле бастады. Мемлекет осылайша автопаркті тезірек жаңартып, қоршаған ортаны ластайтын зиянды қалдықтарды азайтуды көздеп отыр. Автолизинг Бельгияда қалай жолға қойылған және бұл тәжірибе Қазақстанға несімен қызық? 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Бельгияда көп адам қызметтік көлікпен жүреді. Жұмыс беруші қызметкеріне темір тұлпарды жұмысқа да, жеке мақсатына пайдалануға да рұқсат береді. Бұл – әлеуметтік қолдаудың әрі білікті маманды ұстап қалудың амалы. Әдетте компания көлікті ұзақ мерзімді лизингке алады. Яғни ай сайын тұрақты төлем жасап отырады. Қызметкер болса, көлікті жөндеймін немесе кейін сатамын деп бас қатырмайды.

Алайда 2026 жылдан бастап ереже өзгерді. Бензин немесе дизельмен жүретін көліктерді лизингке алу бұрынғыдай тиімді емес – салығы көп. Ал электромобильдер үшін жеңілдік сақталды. Сондықтан бельгиялық компаниялардың таңдауы электрокарларға түскен. Бүгінде жаңа корпоративтік көліктердің шамамен 60 пайызы толығымен тоқпен жүреді. Осылайша, мемлекет компанияларды электромобиль сатып алуға мәжбүрлеп отырған жоқ  салық арқылы реттеп отыр.

Ан Брис, еуропалық автоөндірушінің өкілі:

- Корпоративтік тұтынушыларымыз электр қуатымен жүретін көліктерге тапсырыс беріп жатыр. Өйткені мемлекет зиянды қалдық шығармайтын көліктерді қолдап отыр. Реформаның мақсаты – көлік паркін жаңартып, қоршаған ортаға зиянын азайту.

Жеке лизинг деген де ұғым бар. Бұл жағдайда көлікті жұмыс беруші емес, жеке адамның өзі рәсімдейді. Бельгияда бұл сегмент әзірге аса дами қоймаған. Дегенмен сұраныс артып келеді. Бір жылда оның көлемі 22 пайызға көбейді. Мұндай тәсілдің ыңғайлы тұсы – шығын алдын ала белгілі. Жүргізуші ай сайын қанша төлейтінін біледі. Сондай-ақ көлікті сатып алу, жөндеу немесе кейін сату мәселесіне келгенде де алаңдамайды.

Жан-Филипп Дюкар, Тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының өкілі:

- Жеке лизингтің ыңғайлы тұсы – тұтынушы ай сайын белгіленген соманы ғана төлейді. Алайда ол көліктің иесі бола алмайды. Артық жүрген шақырым, келтірілген зақым немесе келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін жүргізуші қосымша ақша төлеуі мүмкін.

Рас, келісім-шартта көліктің қанша шақырым жүретіні алдын ала келісіледі. Егер жүргізуші көрсетілген межеден асып кетсе, қосымша ақы төлейді. Көлікті қайтарған кезде зақым анықталса, оның қалтасы тағы қағылады. Сондықтан жеке лизинг бәріне бірдей қолайлы емес. Көлікті ұзағырақ мінгісі келетіндер үшін оны сатып алу әлдеқайда тиімдірек болуы мүмкін. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы