Қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрі Шанхайдағы көрмеде паш етілді

Қытайда қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрін паш ететін көрме ашылды. 

Алматы музейлері бірлестігі екі мегаполисті мәдениет арқылы тоғыстырды. Шанхайдың тарихи музейінде «Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» атты халықаралық көрме өтіп жатыр. Ауқымды жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Көрме Қытайдағы ірі музей орталықтарының бірі Шанхай тарихи музейінде ашылды. Оның қорында 6000 жылдық қала тарихын қамтитын жәдігер бар. Ежелгі дәуірден XX ғасырдың ортасына дейінгі 30 000-нан астам тарихи мұра сақталған. Мұнда жылына әлемнің әр түкпірінен мыңдаған турист келеді. Бұл жолы жұртшылық назарына қазақ халқының бай мұрасы ұсынылды.

Нұрлан Аққошқаров, Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы:

- Шанхай қаласы – Қытайдың ең маңызды қалаларының бірі. Сонымен қатар өткен жылы маусымда Алматы қаласы мен Шанхай достық қарым-қатынас келісім шартқа отырғаннан кейін бауырластық қатынас орнатты. Содан бері болып жатқан тұңғыш мәдени шаралардың бірі. Осындай шара кезінде ата-бабаларымыздың мұрасын таныстырып жергілікті халыққа Шанхай қаласына келген.

Көрмеде Алматы қаласы музейлер бірлестігі қорынан 100-ге жуық бірегей жәдігер ұсынылды. Оның қатарында қазақ халқының этнографиялық мұрасын, дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін танытатын құнды экспонаттар бар. Алматы туралы архивтік материалдар, суреттер  сондай-ақ ұлттық музыкалық аспаптарды көруге болады.

Ләззәт Сағындықова, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры:

- Көрмеге қойылған аспаптардың дыбысын естуге мүмкіндік бар. Яғни QR-кодтар орналастырылған. Сол арқылы көрмеге келушілер музыкалық аспаптың дыбысын естіп, жалпы қазақ халқының мәдениеті өте терең бай. 40-тан астам музыкалық аспаптың түрі бар. Ол Алматы музейлері бірлестігіне қарасты Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің қорынан алынған.

Шанхай тарихи музейі келесі жылы Алматыда көрме өткізуді жоспарлап отыр. Шанхайдың мәдени мұрасын Алматы жұртына, жалпы Қазақстан халқына таныстырғысы келеді. Бұл жолғы шара екі мегаполис арасындағы серіктестік байланысты арттыра түсіп, танымдық мазмұнын толықтыра түсті.

Чжоу Чун Хуа, Шанхай тарихи музейінің директоры:

- Шанхай тұрғындары мен қала қонақтары үшін Қазақстанның кең байтақ даласын, таулы өлкесінің тарихын, мәдениетін таныстыратын мұндай көрмені сирек көреді. Оның үстіне, Шанхай мен Алматы – бауырлас қалалар. Сондықтан бұл көрме шанхайлықтарға өзгеше рухани атмосфераны, қайталанбас мәдени ерекшеліктерді тануға мүмкіндік беріп отыр. Қытайдың оңтүстігіне тән Цзяннань өңірінің нәзік мәдениетіне үйренген көрермендер үшін бұл көрме тың әсер сыйлап, қазақ халқының бірегей мәдениетімен танысуға жол ашады деп сенем.

Шанхай – 25 милионнан аса халқы бар ірі мегополис. Тарихи музейіне күніне 5 мыңға дейін адам келеді. Яғни Алматы музейлері бірлестігі апарған жәдігерлерді осынша адам көреді. Халықаралық көрме тамыздың соңына дейін дейін жалғасады.

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова