Қарағандыда 190 бала иппотерапия әдісімен емделді
Қарағандыда иппотерапия әдісі бойынша сауықтыру бағдарламасына қатысушылар саны 16 есеге өскен. Осыдан үш жыл бұрын атпен жүру сабақтарына ерекше қажеттіліктері бар 12 бала ғана қатысса, қазір олардың саны 190-ға жетіпті.
Биылдан бастап оңалтудың бұл түрі ересектерге де қолжетімді. Орталықты қаржыландыруға қала бюджетінен 110 млн теңге бөлініпті.
Қарағандыда иппотерапиялық орталықтың ашылғанына үш жыл болды. Он үш жасар Александраны ата-анасы бұл жерге жүйелі түрде әкеліп тұрады. Туа бітті жүрек ақауы мен сал ауруы секілді ауыр науқасқа шалдыққан жеткіншекке 8 күрделі операция жасалыпты. Анасының айтуынша, атпен серуендей бастағаннан бері қызының денсаулығы айтарлықтай жақсарыпты
Наталья Прокопчук, қала тұрғыны:
- Бұрын өз бетінше жүре алмайтын. Қазір аяғын тіктеліп, жүгіре бастады. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Бірде-бір жаттығуды жіберген емеспіз, атқа мініп серуендегенді қызым қатты ұнатады.
Ғалымдар иппотерапия науқастардың тірек-қимыл жүйесін ғана емес, ақыл-ойын дамытуға көмектесетінін дәлелдеген. Бұны он жасар Жантөренің ата-аналары да құптайды. Аутизм диагнозы қойылған бала иппотерапиядан кейін өз ойын жеткізуді үйрене бастпы.
Нұриддин Арыстанбек, қала тұрғыны:
- Үшінші сыныпта арнайы мұғаліммен оқиды, күзден бері осы жылқыға келіп жүр, қазір дамуы жақсы. Былай сөйлейтін бала еді өзі, бірақ сөздерді қосып айтпайды да, енді осы жылқыға келгелі бері көп нәрсені айтатын болды. Мен ауылға барғанда бұрын атқа мінгізе алмайтын едім, қазір кәдімгідей қуанады, өзім таңғалдым , келген кезде атқа мініп, еркін жүр өзі.
Орталықта арнайы дайындықтан өткен он бас жылқы бар. Терапияға жібермес бұрын тұлпарларды оқыс дауыстан, шалт қимылдан қорықпауға үйретеді. Жаттығулардың қауіпсіздігіне жауапты атбегілер өздеріне көмекшілікке ең сабырлы қазақи тұқымды таңдапты.
Айсұлу Кәкімова, иппотерапиялық орталықтың басшысы:
- Осынша көлемде тағы да аттар үйретіліп жатыр фермада. Бұл аттар екі ай сайын ауысып отырады. Яғни бізде жұмыс істеп жатқанына екі ай болған аттар демалысқа кетеді, орнына басқа дайындалған аттар келеді. Аттар ерекше балаларға өте түсіністікпен сондай жылы сезіммен қарайтынын байқаймыз, себебі басқа балаларға қарағанда бұндай балаларға деген аттың көзқарасы, аттың мінезі өте жеңіл, жақсы қарауға сондай тырысады, аттардың өзі сезеді негізі балаларды.
Мамандардың айтуынша, ат үстіндегі жай ғана жүріс адам денесінде жүзге тарта тербеліс тудырады. Яғни, барлық буын қозғалады деген сөз. Сондықтан иппотерапия ағзаны нығайтудың ең жақсы тәсілдерінің бірі саналады. Үш жыл ішінде иппотерапия орталығында 190 бала сауықтырудан өткен.
Бақытнұр Талипова, қалалық Жұмыспен қатму және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:
- Бұл бүгінгі күнге әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс негізінде көрсетіліп отыр. Бұл жоба үш жылдық болып табылады. Үш жылдыққа 110 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Биылғы жылғы сәуірден бастап біз 18 жастан асқан тұлғалар үшін де бұл қызмет түрін аштық. Яғни бұл қажеттіліктің барлығын көрсеткендіктен, Қарағанды қаласының бюджетінен қаржыландыру көзі болып табылады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сұранысына орай биылдан бастап орталықта ересектер де емделе алатын болды. Бұл мақсатқа бюджеттен 110 млн теңге бөлінді. Сауықтыру курсына 25 мүгедектігі бар жан тапсырыс берсе, 18-і ем-домын бастап кетті.
Авторлары: Лиана Жамлиханова, Сайран Ахамбаев, Аман Хамит