Елорда тұрғындары саябақтың орнына тұрғын үй құрылысы жүріп жатқанына наразы
Елорда тұрғындары екі жылдан бері саябақ үшін соттасып жүр.
Олардың айтуынша, құрылыс компаниясы заңды белден басып, сквердің орнына үй салып жатыр. Көпшілік жауапты органдардың табалыдырғын тоздырып, арызданып баққан. Бірақ нәтиже болмаған. Сосын соттасады. Сотта жеңген. Бірақ, құрылысшы заң талабын сонда да орындамай, жұмысын жалғастырып жатыр дейді тұрғындар.
Тұрғындардың саябақ үшін күресі екі жыл бұрын басталған. Оларға үй сатып алғанда осы аумақта сквер салынады деген уәде болған. Қаланың бас жоспарында да солай көрсетілген. Бірақ бұл аумаққа сквер емес, биік үй салынатынын техника каптап келіп, үйдің қабырғасы тұрғызыла бастағанда барып білдік дейді тұрғындар.
Жанар Жөкенова, қала тұрғыны:
- 2025 жылдың шілдесінде сот құрылыс заңсыз деген шешім шығарды. Бас жоспар бойынша бұл жерде сквер болуы керек, мұнда тұрғын үй салуға болмайды деп. Алайда құрылыс компаниясы сот шешіміне қарамастан жұмыстарын жалғастыра берді. Ал тамыз айында үлескерлердің қаражатын тарту үшін Қазақстан Тұрғын үй компаниясының кепілдігін алды. Біз мұны тоқтату үшін барлық мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырдық. Уәкілетті органдардан мардымды жауап ала алмаған соң қыркүйекте қала әкімімен кездесуге бардық. Ол жерде Жеңіс Қасымбек Бас жоспардағы сквердің орнына салынып жатқан құрылыс тоқтатылсын деп мәлімдеді.
Жанат Тұраш, қала тұрғыны:
- Президент қаладағы бейберекет құрылыстарды тоқтату туралы бірнеше рет айтты. Бұл мәселе әсіресе Алматы мен Астанада өзекті. Бірақ міне орынсыз құрылыс әлі күнге тоқтамай тұр. Қазақстан Үкіметі бекіткен Бас жоспар бар. Қоғамдық тыңдауда осы ауданның тұрғындары бір ауыздан мұнда сквер болғанын қалайтынын айтты. Алайда Сенсата компаниясы ештеңеге қарамай үй салып жатыр.
Рақымжан Қошқарбаев және Қалибек Қуанышбаев көшелерінің қиылысында тұрғын үй кешендері тығыз орналасқан. Қазірдің өзінде әлеуметтік нысандар жетіспейді. Сондықтан тұрғындар жаңа үй салынса жүріп тұру қиындай түседі деп қауіптенеді.
Ардақ Аринова, қала тұрғыны:
- Балабақшаларда орын жоқ. Мынау артыңызда тұрған мектепте үш ауысыммен балалар дәлізде сабақ оқиды. Содан кейін автокешендер. Тұрақтар. Әрбір үйде бір көліктен болса біздің тұрғындардың үстіне тағы 400-500 мәшине қосылады. Соның бәрі тапшылыққа әкеледі.
Мира Баймолдина, қала тұрғыны:
- Бұл үй салынса магистралды, инженерлік, электр желілеріне қосымша салмақ түсіреді. Осы қыста екі рет осы маңайдағы үйлердің жарығы сөніп қалды. Сондай-ақ емханалар мен мектептерге, жолдарға қосымша жүктеме болады. Қазірдің өзінде жол тарлық етіп жатыр. Оған мына үйдегі адамдардың көліктері қосылады. Сонда апат болған жағдайда бізге құтқарушылар жете алмайды деген сөз.
Тұрғындармен жүздескеннен кейін мәселенің мән-жайын анықтау үшін қалалық әкімдікке хат жолдадық. Мемлекеттік органның берген жазбаша жауабы осындай.
ЦТТ: Астана қаласы әкімдігі
Аталған аудан тұрғындары 2024 жылғы Бас жоспарға сәйкес саябақ салуды сұрап, сотқа талап арыз берген. Сот нысанның құрылысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Алайда құрылыс салушы апелляциялық шағым беріп, 2025 жылғы 1 желтоқсанда сот шешімі құрылыс салушының пайдасына шығарылды. Қазіргі уақытта Астана қаласының әкімдігі мен тұрғындар нысанның құрылысын тоқтату мақсатында кассациялық шағым жолдады.
Алайда 18 маусымда өткен кассациялық сот отырысы да шешімді өзгерте алмады. Сондықтан болар, құрылыс компаниясы арнамыз жолдаған сауалға «әрекетіміз заңды, құрылысты тоқтатпаймыз» деп жауап қайтарды.
ЦТТ: "Sensata Construction Group" ЖШС
Нысан құрылысы мемлекеттік органдар бекіткен, барлық қажетті сараптамалардан өткен жобаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 50%-ға жеткен және үлескерлердің құқықтары тіркелгендіктен қазір жобалық шешімдерге өзгерістер енгізу мүмкін емес.
Алайда тұрғындар Бас жоспарды белден басқандардың әрекеті заңсыз деген пікірде.
Антон Лазарев, қала тұрғыны:
- Аппеляциялық сот материалдарымен танысқанда соттың үлескерлердің мүддесін қорғауды алға тарта отырып шешім шығарғанын анықтадық. Бірақ ол кезде құрылыс компаниясының үлескерлерден ақша жинауға рұқсаты болмаған. Сондықтан біз соттың не себепті құрылысшыны қолдағанын түсінбей далмыз.
Лаура Ералина, «Менің елім дала» қоғамдық бірлестігінің сарапшысы:
- Бас жоспарда сквер деп жазылып тұрған жерді қалалық сәулет басқармасы қалайша тұрғын үй құрылысына бөліп берген? Азаматтар сот арқылы бұл жерде заң бойынша сквер салынуы керектігін мемлекеттік органдарға дәлелдеп жүргені тіпті ақылға сыймайды. Бас жоспардың бұзылмауын керісінше әкімдік пен сәулет басқармасы қадағалауы керек қой. Біздің көкейімізде сауал көп. Бас жоспарға қайшы құрылысқа қалай рұқсат беріліп жүр? Компания үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсатты қалай алды? Бас жоспарға сай емес құрылыс жобасы мемлекеттік сараптамадан қалай өткен? Осының бәрін құқық қорғау органдары тексеруі керек.
Мұндай жағдай тек бұл тұрғындардың ғана басындағы жайт емес. Мәселе биік мінберден талай көтерілді. Тіпті Президенттің өзі ретсіз құрылыстардың көбейіп кеткенін айтып, түйіткілді түбегейлі шешуді тапсырды.
ЦТТ: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
31.01.2023
Қалада орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кетті. Үйлердің арасына ғимарат салына беретін болды. Тұрғындарға әлеуметтік нысан, саябақ немесе ойын алаңы салынады деп уәде беріледі. Алайда ол жерде иін тірескен ғимараттар пайда болады. Мысалы, «Олимп палас-2» тұрғын үйінің ауласындағы ойын алаңының орнына зәулім кеңсе салынған. Мұндай құрылысты біржола доғару керек. Әйтпесе шешім қабылдаған тиісті лауазым иелері жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылады.
Салада тәртіп орнату үшін арнайы Құрылыс кодексі қабылданып, биыл қаңтарда Мемлекет басшысы қол қойды. Құжат 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Онда салынып жатқан және жоспарланып жатқан нысандарға мониторинг жасау міндеттелген. Анықталған заң бұзушылық туралы ақпарат жауапты органдарға жіберіліп, қабылданған шешімдер ашық жарияланады. Тұрғындардың ендігі үміті осы заңда.
Серік Селеубайұлы, Медет Қуанышбеков