Бір үйдің бес қызын жалмаған жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Түркістан облысында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Оқиға Түлкібас ауданы Еңбекші ауылы маңында болды. Қатты жылдамдықпен келе жатқан Volkswagen Polo автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, жол жиегіндегі ағашқа соғылған. Салдарынан бір әулеттің бес қызы көз жұмып, алтыншысы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Жасөспірімнің қазіргі жағдайына қатысты ата-анасы ақпарат таратуға тыйым салған. Бейресми мәліметке қарағанда, көлік тізгінінде мектептің биылғы түлегі отырған. Жанында 19 жастағы әпкесі болған. Қалған жолаушылар да сол әулеттің туыстары. Жақындары марқұмдарды жер қойнына тапсырды.

Бейсенкүл Күдериева, ауыл тұрғыны:

- Түсіп келе жатқанда жоғарғы жақта болған ғой бұл авария. Біздің Еңбекшінің үстіңгі жағында болған. Оны көрген жоқпын. Бірақ үйіне көңіл айтып барып келдік. Байқұстар бәрі боздап жылап отыр. Менің немереммен оқиды екен, сол қыз екен рульде. Мектепті бітірген қыз. ҰБТ тапсыратын қыздар екен. Жақсы кісінің қыздары еді, енді амал жоқ.

Гүлнар Абдужаппарова, облыстық ПД ресми өкілі:

- Қазіргі уақытта барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданатын болады. Полиция жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға және жолда мұқият болуға шақырады.