Шымкентте өрт сөндіру көліктері көп қабатты үйлердің ауласына кіре алмайды
Өрт сөндіру көлігі көп қабатты үйлердің ауласына кіре алмайды.
Жедел жәрдем де сыртқа тоқтайды. Шымкентте Төтенше жағдайлар қызметі мен полиция бірлесіп, аула тексеріп жүр.
Жауаптылардың айтуынша, тұрғындар көлікті кез келген тұсқа қаңтара салады. Тіпті кей аулаларға кіре берісті тас бөгет қойып, жауып тастаған.
Төтенше жағдай кезінде адамды құтқару үшін әр секунд маңызды. Өкініштісі, құтқарушылардың оқиға орнына жетуі күн санап қиындап барады. Көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберісіне шлагбаум орнатылып, кейбірі бетон блоктармен қоршалған. Салдарынан жедел қызметтің алтын уақыты шығындалады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан тілші:
- Аула ішіндегі мынадай бетон бөгеттер де құтқару мен жедел жәрдем қызметіне үлкен кедергісін келтіреді. Тұрғындар мұны бөгде көліктердің қозғалысын шектеу үшін өз бетінше орнатқан. Енді ол арнайы техникамен алынып жатыр.
Рейд барысында қолайсыз аулалардың тізімі жасалды. Тұрғындар көлігін әр жерге қойып, жолдарды жапқанымен қоймай, өрт сөндіру гидранттарының да көзін бекітіп тастаған. Сала мамандары жүргізушілерге ескерту жасады.
- Автокөлікті қойған кезде тиісті орындарға қоюыңызды сұранамыз сіздерден. Келесі жолы қайталанбасын, жүргізуші ханым. Өзіңіз қараңыз арқаңыздағы пожарный автокөліктерінің шығуына кедергі келтіріліп тұр сізде.
Тұрғындардың да өз айтары бар. Айтуларынша, аулада автокөлікке арналған орын жетіспейді. Оның үстіне машинаны тоқтатуға тыйым салатын немесе рұқсат беретін жол белгілері де орнатылмаған.
Сапар Исақов, қала тұрғыны:
- Үйде үш машина бар. Екеуін осы дворға қоямыз. Үшіншісін басқа жаққа қоямыз. Себебі парковка жетіспейді. Парковка жетпегеннен кейін жан-жаққа қоямыз. Мысалыға мына жерде осы бер бетке ғана қоюға болады. Екінші бетке қоюға болмайды деп айтады. Бірақ знак жоқ. Оны қарапайым тұрғындар түсінбейді.
Сала мамандары төтенше жағдай кезінде уақыт жоғалтуға болмайды дейді. Сондықтан профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Мұрат Серікбаев, қалалық ТЖД басқармасының бас маманы:
- Жеке тұлғаның автокөлігі тұрған сәтте кедергі келтіретін болса біздің өрт сөндіру жеке құрамы оқиға орнына жету уақытын сәл кешіктіруі мүмкін. Осындай іс-шаралар апта сайын, күнделікті жүргізіліп жатқаннан кейін оңтайлы шешімін тауып жатыр.
Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті билік өкілдеріне ұсыныс жолданады. Алдағы уақытта арнайы комиссия заңсыз қоршауларды жою, автотұрақтарды көбейту және жол жиегін кеңейту мәселелерін қарастырады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов