БҚО-да Шыңғырлау вокзалы қолданысқа берілді
Батыс Қазақстан облысында осы аптада қайта жаңғыртылған үш теміржол бекеті пайдалануға берілді. Соның ішінде Семиглавый Мар және Шыңғырлау стансаларының вокзалы толық жаңадан салынды.
Осы арқылы жолаушыларға жайлы жағдай жасалып, көлік қатынасындағы түйінді мәселе шешімін тапты.
Шыңғырлау - Орынбормен шекарада орналасқан шағын станса. Осы жерде көрші елге жол тартқан пойыздар толық тексеріледі. 90 жыл бұрын салынған вокзал уақыт тезіне төтеп бере алмай, әбден тозған. Енді міне ескі ғимараттың орнына барлық инфрақұрылымы жаңартылған заманауи нысан салынды. Вокзал алдындағы алаң да абаттандырылды.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Президентіміздің көлік инфрақұрылымдық кешенін дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмасына сәйкес, елімізде тәуелсіздік жылдарында алғаш рет теміржол вокзалдарын кең ауқымды жаңғырту бағдарламасы қолға алынды. Басты мақсаты азаматтарымызды қауіпсіз, жайлы әрі қолжетімді көлік қызметімен қамтамасыз ету. Теміржол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бұл кешенді шаралар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, іскерлік белсенділікті арттыруға және туристік әлеуетті нығайтуға тікелей оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Шыңғырлау бекеті арқылы күніне 250 жолаушы сапар шегеді. Жаңа ғимаратта жолаушыларға барлық жағдай жасалған.
Бақыт Темірғалиева, вокзал бастығы:
- Шыңғырлау вокзалы былтыр еліміз бойынша жөнделетін 124 вокзалдың қатарына енді. Аталған станса арқылы күніне 8 жолаушылар пойызы өтеді. Жаңа ғимаратта инженерлік желілер толық жаңартылды. Ана мен балаға, мүгедек жандарға арнайы бөлме қарастырылған. Транзиттік жолаушыларға да жағдай жасалған.
Былтыр Орал өңірінде шойынжол қызметін 419 мың жолаушы пайдаланған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артқан. Жүк тасымалы көлемі де көбейіп, 5 миллион тоннаға жеткен. Келешекте Атырау мен Оралдың ортасына теміржол төсеу жоспарланған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов