Қазақстанда есірткі бизнесіне қатысы бар 177 мың шетелдік карта бұғатталды

Қазақстанда есірткі бизнесіне қатысы бар 177 мың шетелдік төлем картасы бұғатталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Ведомствоның мәліметінше, тыйым салынған заттарды таратқан 15 мың интернет-сайттың жұмысы тоқтатылды. Сондай-ақ Антифрод орталығының көмегімен жалпы құны 135 млн теңгеге тең күдік тудырар қаржылық операциялардың жолы кесілді. Министрлік өкілдері есірткі бизнесінің цифрлық ортаға ауысқанын атап өтті. Осыған байланысты қазіргі таңда заңсыз қаржылық схемаларды анықтауға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Елде 300 мыңға жуық адамның қатысуымен шамамен 1,5 мың ақпараттық акция ұйымдастырылды.

Қуандық Әлжанов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары:

- Есірткі қылмысы толығымен киберкеңістікке көшті. Қылмыскерлер барлық мессенджерді және электрондық төлем жүйелерін пайдаланады. Бұл бағытта тек Ішкі істер министрлігі ғана емес, басқа да мемлекеттік органдар ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы киберқадағалау қызметі есірткіге қатысты сайттарды бұғаттайды. Ал Ұлттық банк жанындағы Антифрод орталығы көлеңкелі қаржылық операцияларды анықтап, олардың жолын кесумен айналысады. Интернет ресурстары арқылы жасалған бірде-бір қылмыс із-түзсіз жоғалып кетпейді. Оның міндетті түрде электрондық ізі қалады.