Астанада мемлекеттік қызмет алудың жаңа форматы – Smart Point ашылды
Астанада Apple Store қағидатына негізделген жаңа буындағы цифрлық кеңсе – Smart Point ашылды, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа формат мемлекеттік қызметтерді цифрлық түрде өз бетінше алуға және процестерді барынша жеңілдетуге бағытталған.
Кеңседе азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеуге арналған арнайы аймақтар қарастырылған. Келушілер компьютерлер арқылы қажетті қызметтерді өздері ала алады, ал мамандар тек кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетеді.
Жаңа кеңсенің басты технологиялық шешімдерінің бірі – eGovGPT жасанды интеллект платформасы. Ол азаматпен диалог форматында жұмыс істеп, қажетті мемлекеттік қызметті анықтауға және оны онлайн рәсімдеуге көмектеседі.
Сондай-ақ құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік пен паспорт алуға өтініш беруге болады. Кеңседе цифрлық қызметтерді үйренуге арналған оқу сыныбы мен жайлы күту аймағы қарастырылған.
Ең маңызды жаңалық – құжаттарды беру аймағының тәулік бойы (24/7) жұмыс істеуі. Бұл азаматтарға дайын құжаттарын кез келген уақытта алып кетуге мүмкіндік береді.
Жаңа кеңсенің жұмысымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев танысты.
Ол бұл бастаманың мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы маңызын атап өтті:
Мемлекеттік қызметтерді цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиялары негізінде көрсетудің жаңа моделін қалыптастыру маңызды. Smart Point сияқты форматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жаңа деңгейге көтереді. Бүгінгі таңда осы үлгіні кеңінен енгізу – басты міндеттердің бірі. Себебі бұл азаматтар мен бизнес үшін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға тікелей ықпал етеді, – деді министр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз