Қызылордалық шебер 6 мың домбыра жасаған

Қызылордалық шебер Африканың қымбат қара ағашынан эксклюзивті музыкалық аспап әзірлейді. 20 жылда 6 мыңға жуық домбыра жасаған шебердің туындыларына сұраныс артқан. 

Біржан Ділманов домбыра жасайтын шикізатты шетелден, тіпті сонау Африка құрлығынан арнайы алдыртады. Себебі мұнда сан емес, сапа бірінші орында. Күмбірлеген таза дауысты шығару үшін ағаш түрі мен оның өңделу әдісі ерекше маңызға ие,-дейді шебер.

Біржан Ділманов, шебер:

- Африкада өсетін «эбен» деген ағаштар бар. Қара ағаш деп те айтады. Олар тығыздығы, қаттылығы жағынан дыбысқа өте жақсы әсер етеді. Мысалы, менің қолымда тұрған «венге» деген ағаш. Бұл Үндістанда, Африкада өседі. Өте қымбат ағаштардың қатарына жатады.

Музыканттар шебердің домбырасын дыбыс тазалығы үшін жоғары бағалайды. Мектеп қабырғасында ұлттық өнерге баулыйтын үйірме көбейгелі, домбыраға тапсырыс беретін оқушылар қатары артқан.

Бақыт Пірмаханов, шәкірті:

- Мына мойынның жіңішкелігі, жуандығы - соның барлығын бастан-аяқ қадағалап, өзі үйретеді. Әр ағаштың дауыс шығаруын сезіне білу қажет. Ең басты қасиет - ағашты сезіне білу керек. Сол кезде домбыра жақсы аспап шығады.

Біржан шеберлер әулетінен шыққан. Оның атасы да, әкесі де домбыра жасаған. Бүгінде бұл әулеттің 10-нан астам мүшесі өз алдына шеберхана ашып, қобыз, домбыра жасауды кәсіп еткен. Қолөнер шебері алдағы уақытта көшпелі көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Осы бастамасы арқылы қазақтың көне аспаптарын кеңінен насихаттауға ниетті.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев