Қарағандыда «Бесаспап аула қызметкері» пилоттық жобасы басталды

Қарағандыда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында «Бесаспап аула қызметкер» атты жоба қолға алынды. 

Енді тазалыққа жауап беретін қызметкер тек бекітілген учаскеде қоқыс жинаумен шектелмей, жалпы тәртіпті қадағалайды. Әкімшіліктің бастамасына 186 көп қабатты үйдің тұрғындары үн қосты. Басты мақсат – жұртшылықтың қоршаған ортаға жанашырлығын ояту.

Тәжірибелі аула тазалаушы Юрий Матвеев – «Бесаспап аула қызметкері» жобасына қатысушылардың бірі. Ол Әлихан Бөкейхан атындағы аудандағы 14 аулаға жауап береді. Отағасына зайыбы мен балалары да қолғабыс. Аула сыпырысып, арам шөптерді жұлуға, көк желекті суарып, қураған ағаштарды кесуге көмектеседі. Жұмысына тыңғылықты азамат тіпті қажетті құралдарды өз есебінен сатып алыпты.

Юрий Матвеев, Бесаспап аула қызметкері:

- Менің аудан өміріне араласып, оған қандай да бір еңбегімді сіңірсем деген ниетім бар. Біздің тіршілігімізде тазалықтың мәні зор. Сондықтан өз жұмысыма барынша жауапкершілікпен қарап, адал атқаруға тырысамын. Мына жерді тәртіпке келтіру үшін көп тер төктік, жеті КАМАЗ қоқыс шығардық. Сол еңбегіміз лайықты бағаланып, жақсы жалақы төленсе деп тілейміз.

Аула тұрғындары Юрийдің еңбегіне дән риза. Бұрын бұл жерге 20 жыл бойы аула тазалаушы тұрақтамаған екен. Сондықтан өз беттерінше сенбіліктер ұйымдастырып, шама-шарқынша тәртіп сақтауға тырысқан. Алайда кәсіби мамансыз үйдің айналасы тозып кетіпті. «Бесаспап қызметкер келгелі аула тап-тұйнақтай болды», - дейді зейнеткер Дәметкен Түстаева.

Дәметкен Түстаева, қала тұрғыны:

- Биыл құлайын деп тұрған ағаштарды қысқартып, ауланы тазалап, бұтақтарды кесіп жатыр. Ауламыз өте бұрын қоқыс көп болатын, қанша мешок қап қоқыстардың бәрін шығарып, тазалап, қазір есік алдына шықсаң, көзің тоймайды, қуанып отырмын. Өзіміз қарт кісілер болсақ та, үйдің артын, ауланы тазалап, бәріне көмектесеміз, өзіміз жүреміз, тазалық болса болды бізге.

Пилоттық жобаға 186 көпқабатты үйге қызмет көрсететін 14 бесаспап аула тазалаушы қатысады. Әрбір маманға 13-14 аула бөлінген. Оларға ай сайын 500 000 теңге төленеді. Жұмыс сапасын тұрғын үй кооперативі мен әкімдік мамандары бағалайды.

Досбол Күлекеев, Қарағанды қаласы Ә. Бөкейхан атындағы аудан әкімі:

- Жобаның негізгі мақсаты – аулалардың тазалығын тұрақты түрде қамтамасыз ету және көп қабатты тұрғын үйлердің аумақтарының санитарлық жағдайын сақтау. Бұл жобаға ауданымыздан Майқұдық, Пришхтинск және Сұрыптау шағын аударында жүзеге асырылып жатыр. Көпбейінді аула қызметкерлерін таңдау уақытында біз олардың физикалық бойындағы жағдайын біле отырып, денсаулығына қарап таңдаймыз. Ең бастысы, олардың жұмысына деген сүйіспеншілігі болуы керек.

Пилоттық жоба үш айға есептелген. Ол аяқталғаннан кейін тұрғындар бесаспап аула тазалаушылардың қызмет ақысын өздері төлеуі тиіс. Ай сайынғы төлем әр пәтер үшін шамамен 500 теңгені құрайды. Жергілікті билік өкілдері бұл бастама аулалардағы тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жанашырлығын оятады деген үмітте.

Авторлары: Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев