Түркістанда дәулескер күйшілер сынға түсті
Ұлттық домбыра күніне орай Түркістандағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы өтті.
Қазақтың қасиетті қара домбырасы ұлықталған тағылымды кешке еліміздің әр өңірінен белгілі күйшілер мен өнер майталмандары қатысты.
Түркістан төрінде қазақтың қасиетті қара домбырасы ұлықталып, күй өнерінің құдіреті кеңінен насихатталды. Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған мәдени шара 2 күнге жалғасты. Ұлттық өнеріміз ұлықталған байқаудың финалдық кезеңіне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев күйшілерге сәттілік тіледі.
Ертай Алтаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Өнер – ұлттық жаны, мәдениет – елдің рухы. Халықтың рухани байлығы оның өнерімен өлшенеді. Киелі мұраның бірі – күй өнері. Қазақ күй өнерінің тамыры тым тереңде жатыр. Құрманғазы, Дәлеткерей, Тәттімбеттің, Динаның, Қазанғаптың күйлері халқымыздың рухани қазынасын байытқан ұлы мұралар. Бүгінгі байқауға қатысушы күйшілерге сәттілік тілеймін.
Байқауға еліміздің әр өңірінен жиналған жиырмадан астам дарынды күйші қатысты. Олар сайыстың алғашқы кезеңінде шертпе күйдің шеберлері – Сүгір Әлиұлы мен Төлеген Момбековтің туындыларын орындады. Финалдық кезеңде халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен күй тартты.
Дінмұхамед Сұлтан, байқауға қатысушы:
- Ойнаған күйім – Махамбет Өтемісұлының «Жұмырқылыш» күйі. Ойдағыдай ойнап шықтық. Барша қатысушыларға сәттілік. Жалып домыра күні құтты болсын. Қазақтың ұлттық өнері әр қашан биіктерде самғай берсін.
Байқау қорытындысымен Алматы қаласынан келген Іңкәр Күзембай бас жүлдеге, Нұрәли Саятұлы бірінші орынға ие болды. 2 орын Астаналық Бекнұр Әбдіжәлил мен Атырау облысынан келген Жантілек Жұмагелдиевке бұйырды. Жүлделі 3 орынды Шымкенттік Оңғар Дәулет, Алматылық Тұрсын Әрсен және Атыраулық Асылбек Джорабеков еншіледі.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш