3 күнде 2 мыңнан астам жасөспірім полицияға жеткізілді
Еліміздің бірқатар өңірінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кең ауқымды профилактикалық рейдтер өткізілді, деп хабарлайды «24KZ» polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Абай және Ұлытау облыстарында өткен іс-шаралар 1–3 шілде аралығын қамтыды.
Шараға 3 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Нәтижесінде 2400-ге жуық жасөспірім полицияға жеткізілген. Олардың ішінде 1500-і әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін, ал 1000-ға жуығы қараусыз және панасыз жүргені үшін анықталған.
Сонымен қатар рейд барысында 4 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 257 ата-ана, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындары мен көшеде жүргені үшін 1500-ге жуық ата-ана жауапкершілікке тартылған.
Ресми мәліметке сәйкес, аталған іс-шаралар барысында кәмелетке толмағандар қатысқан қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркелмеген.
Мамандар мұндай профилактикалық рейдтер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз