Қарағандыда жылу желілері жаңғыртылады

Қарағандыда ескі жылу магистральдары жаңартылып жатыр. Қала бойынша жылу тарататын негізгі құбырлардың бірқатары жарты ғасырдан астам уақыт бойы пайдаланылған.

Мамандар қазір тозығы жеткен құбырларды кезең-кезеңімен ауыстырып жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін шағын аудандарды жылумен қамтамасыз ету сапасы жақсарып, қыста апатты жағдайлардың туындау қаупі азаяды, - дейді мамандар.

Қарағандыда алдағы қысқа дайындық аясында  екі жылу магистральдарын жаңғырту көзделіп отыр.  Биыл Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда шамамен бір жарым шақырым жылу магистралі жаңартылады. Тағы бір шақырым құбыр келер жылы ауыстырылуы тиіс. Жарты ғасыр бұрын салынған магистральдардың тозу көрсеткіші 71 пайызға жеткен.

Валерий Машарипов, жоба жетекшісі:

- Тозған құбырлардың орнына жоғары қуатты, соңғы үлгідегі заманауи материал қолданамыз. Бұл құбырлар кез келген ақау көзін анықтауға мүмкіндік беретін қашықтан бақылау жүйесімен   жабдықталған. Егер бір жерде жарық пайда болып, су аға бастаса, бүкіл магистральды қазудың қажеті жоқ, біз оны арнайы құрал арқылы көріп отырамыз.

Бұрын жер бетімен өтетін жылу магистралі енді жер астынан салынып жатыр. Топыраққа көмілген құбырлардың төзімділігі жоғары болады, әрі жылуды тұтынушыға шығынсыз жеткізеді. Босаған кеңістік болашақта абаттандырылып, жаңа жолдар салуға, көгалдандыруға пайдаланылады.    

Әлихан Бөкейхан ауданындағы жылу жүйесін жаңғырту жұмыстары екі жылға есептелген. Оның құны 16 жарым миллиард теңгеге бағаланып отыр. Жаңа құбырлар салынып біткеннен кейін магистральдардың қуаттылығы айтарлықтай өсіп, қала орталығы мен оңтүстік-шығыстағы жаңа үйлер қылмақ.    

Жанболат Тоқмұрзин, Қалалық әкімшіліктің ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автожол бөлімі басшысының м.а:       

- Қазір М-2 магистралінен 900-дей нысанға жылу берілсе, жаңғырту жұмыстарынан кейін тағы 60-90 ғимарат қосуға болады. Оның ішінде көпқабатты үйлер де, әлеуметтік нысандар да бар.

Облыс бойынша барлық жылу нысандары қысқа дайындалып жатыр.  №3 жылу электр орталығында жаңа қазандық пен турбина блогы іске қосылып, өндірілетін жылу мен электр қуаты айтарлықтай артпақ.  Биыл аймақта 31 шақырым жылу желісі жаңартылады.   Мамандардың айтуынша, қысқа дайындық уақытылы аяқталуы тиіс.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит