Алматыда ер адам өгей баласының қолынан қаза тапты
Алматыда отбасылық жанжал кезінде ер адам қаза тапты. Күдікті ретінде оның өгей ұлы ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, алдыңғы түні сағат үштің шамасында 102 арнасына Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесіндегі жанжал туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы барған.
Зардап шеккен ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады. Пышақ жарақатының көптігі мен біраз мөлшерде қан жоғалту салдарынан 59 жастағы ер адам қайтыс болды.
«Алмалы аудандық полиция қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ол қаза болған адамның 34 жастағы өгей баласы болып шықты. Алдын ала мәлімет бойынша отбасылық жанжал кезінде ол ер адамға ас үй пышағымен бірнеше рет соққы жасаған. Оқиғаның бір нұсқасы бойынша күдікті жанжалдың анасына қатысты келіспеушіліктен кейін туындағанын айтқан. Бұл мән-жайлар тергеу барысында жан-жақты тексеріледі», - делінген хабарламада.
Тұрмыстық жанжал салдарынан болған адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз