Ақмола облысында 29 өрт сөндіру бекеті ашылады
Ақмола облысының шалғай ауылдарында өрт қаупі әлі де жоғары.
Жаз маусымында құрғақ шөп тез тұтанып, жалын бой бермей кетеді. Ондайда жедел әрекет ету маңызды. Осы орайда «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасымен елді мекендерде отызға жуық өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланып отыр. Онда еріктілерден құралған жасақ та жұмыс істейді. Жалпы жыл басынан бері ауыл құтқарушылары 63 өртті өз күшімен сөндірген.
Бурабай ауданына қарасты Веденовка ауылындағы өрт сөндіру бекеті бір ай бұрын ашылды. Мұндағы өрт сөндірушілер көршілес бес ауылдың халқына қызмет көрсетеді. Бекет арнайы техника және қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген.
Қайырбек Шаяхметов, Веденовка ауылының тұрғыны:
- Біздің елдімекен ауданнан шалғай тұрғаннан ара қашықтығы 60-70 шақырым. Сондықтан төтенше жағдай болғанда мынау өз күшімізбен болған жағдай да өртті сөндіріп, не қылуға жақсы бір зор маңызы бар. Ауыл тұрғындары өте қуанышты.
Өрт сөндіру бекеті ауылдағы шаруа қожалығының базасында құрылды. Басты ерекшелігі, мамандар ауылдағы өрт қауіпсіздігін арнайы камералармен бақылайды. Қазір елді мекенде 52 бейнебақылау камерасы орнатылды.
Самат Бәпішов, аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:
- Мына бөлме диспетчердің бөлмесі деп аталады. Осы жерден диспечер қарап отырады күні-түні бойы. Ауылды, қандай бір ғимараттар бар, соны қарап отырады. Егер бір жерде түтін бірдеңе шығып жатса, осы жерден сигнал беріледі.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Ауыл құтқарушылары алдымен арнайы оқудан өтеді. Яғни оларға өрт сөндіру тәсілдері іс жүзінде көрсетіліп, егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Содан кейін ғана мамандар алған білімдерін осылай практикалық тұрғыда шыңдайды.
Бурабай ауданында осындай 3 ерікті өрт сөндіру құрылымы бар. Алдағы уақытта Қызылағаш, Қатаркөл және Успеноюрьевка ауылдарында ашылады. Өрт сөндіру бекеттері жергілікті бюджет есебінен салынып жатыр.
Ерсайын Қойшыбаев, облыстық ТЖД ресми өкілі:
- Бір ерекшелігі бұрын ерікті өрт сөндіру құрылымдары тек ауылдағы шаруа қожалықтарының базасында құрылса, қазір жергілікті әкімдіктер белсенді атсалысып жатыр. Яғни нысанның құрылысына қаржы бөліп, мамандардың жалақысын төлейді. Бұл да өз кезегінде бізге үлкен көмек деп айтар едім.
Жалпы өңірде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 41 өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл тек қауіпсіздікті күшейтіп қоймай, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Арнайы оқудан өткен азаматтар өрт сөндіруші болып жұмыс істей алады.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный