Шымкентте көлік кептелісін азайтатын жұмыстар қарқын алды

Шымкентте көлік кептелісін азайтуға бағытталған жұмыстар қарқын алды.

Биыл мегаполисте 13 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. Соның бірі Тұран шағын ауданы мен Таскен тұрғын алабын жалғайтын жаңа жол. 

Енді Тұран шағын ауданы мен қала орталығының арасындағы қатынас едәуір жеңілдейді. Көлік ағынын реттеу мақсатында Ақсүмбе көшесі екі шақырымға дейін ұзартылып, төрт жолақты жол салынып жатыр. Құрылыс барысында жол төсемінің сапасы мен төзімділігіне басымдық берілді. 

Ернарбек Мәмет, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" филиалының инженері:

- Ақсүмбе көшесінде 17-қабаттың тығыздығы бойынша кескіш сақина арқылы тығыздығын тексердік және топырақ сынамасы алынды. Бұл сынамалар сынақ зертханасына тапсырылатын болады. 10 жұмыс күнінде тапсырыс берушіге хат арқылы жолданатын болады.

Соңғы жылдары шағын аудан қарқынды дамып келеді. Көп қабатты тұрғын үй кешендері бой көтеріп, халық тығыз қоныстанды. Осыған байланысты жаңа магистральдың Тұран-2 мен Таскен тұрғын алабы үшін де маңызы зор болмақ. Құрылыс жобасына сәйкес, көше толық жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Жауын суын реттейтін ирригациялық жүйелер де қарастырылған. 

Бағдат Орынбай, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

- 2025 жылдың қараша айында басталды. Құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтау ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарлануда. Алайда қазіргі таңда құрылыс алаңына түсетін біршама жер учаскелері мен тұрғын үйлер мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жүргізілуде.

Сала мамандарының мәліметінше, учаскелер мен тұрғын үйлердің саны нақтыланып, нарықтық бағалау аяқталды. Әзірге оның басым бөлігі үшін өтемақы төленіп, мемлекет қажеттілігіне қайтарылған.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші: 

- Қалада жалпы ұзындығы 238 шақырым болатын 13 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде биыл Қонаев даңғылының құрылысын толық аяқтау жоспарланса, көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік беретін А-2 айналма жолының да жұмысы жалғасын тапты. Қазір оны мерзімінде тапсыру үшін күшейтілген екі ауысымдық кесте бекітілді.

Шаһар үшін маңызы зор құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ірі жоба жүзеге асса халықаралық жүк тасымалы ұлғайып, транзиттік әлеует те жақсарады, дейді мамандар.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов