Қазақстан жолдарындағы жаңа камералар: Жүргізушілер нені білуі керек?

фото: «ҚазАвтоЖол»

ҚазАвтоЖол жолдардағы жаңа «ақылды» камералардың не үшін орнатылып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды «24KZ».

«ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше, жүйе тәулік бойы жолдағы ахуалды бақылап, қауіпті жағдайларды жедел анықтауға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, жүйе жолдың жүру бөлігінде адамдардың немесе жануарлардың пайда болуын, көліктің қарсы жолақпен не кері бағытта қозғалуын, тоқтау және тұраққа қою қағидаларының да бұзылуын анықтай алады.

Бұдан бөлек, камералар көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін танып, оның маркасы мен түсін анықтайды.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – автономды жұмыс істеуі. Камералар күн панельдері мен жел генераторлары арқылы қуат алатындықтан, тұрақты электр желісі жоқ шалғай жол учаскелерінде де үздіксіз жұмыс істей алады. Ал жиналған ақпарат нақты уақыт режимінде жол қызметтеріне жіберіліп, жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жаңа жүйе қай бағыттарда енгізілуде?

Әзірге пилоттық жоба Алматы – Қонаев ақылы жолында іске қосылған. Сонымен қатар ұзындығы 134 шақырым болатын Астана – Теміртау автожолында камералар мен қажетті жабдықтарды орнату жалғасуда. 
Ал Астана – Щучинск бағытында жүйенің жұмыс істеуіне қажетті байланыс инфрақұрылымы әзірленіп жатыр.

Камералар қандай мақсатта орнатылды?

Жаңа жүйенің мақсаты – жүргізушілерге автоматты түрде айыппұл салу емес, жол қауіпсіздігін арттыру және қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтау. Ал алдағы уақытта мұндай кешендер Қазақстанның автожолдарын бақылайтын бірыңғай интеллектуалды мониторинг жүйесінің құрамына енеді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз