«Самұрық-Қазына» креативті орталық ашады

Талдықорғанда жаңа креативті орталық ашылады. Жоба «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асып жатыр.

Орталық өңірдің талантты жастары үшін жаңа мүмкіндіктер алаңына айналмақ. Қор кейінгі 10 жылда Жетісу облысында жалпы құны бір миллиард теңгеден асатын 13 әлеуметтік жобаны жүзеге асырған. Олар денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларын қамтиды.

Креативті орталық облыстық көркемсурет галереясының базасында құрылады. Мұнда қолөнер аймағы, AI және коворкинг алаңдары, фотоаймақ пен дыбыс жазу студиясы болады. Бұл - өңірдегі алғашқы осындай хаб. Жобаны «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры жүзеге асырып жатыр.

Альфия Әдиева, "Samruk-Kazyna Trust" корпоративтік қорының бас директоры:

- Осындай креативті орталықтарын біз Қазақстанда алғаш болып Ақтөбеде ашқан едік. Кейін Петропавлда және Оралда іске қостық. Яғни біз өңірлердегі талантты жастарға жаңа идеяларын жүзеге асыруға жағдай жасап беріп жатырмыз. Ең бастысы – мұның бәрі олар үшін тегін боп табылады.

Айбатырдың Талдықорғандағы «Қамқорлық» орталығына барып жүргеніне бір жыл болды. Мұнда аутизмі және басқа да менталдық ерекшеліктері бар балаларға кешенді көмек көрсетіледі.

Индира Мұсаханова, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Менің балам жазуды, оқуды үйренді. Мектепке дайындалып жатырмыз. Осы орталық ұжымына, апайларына, мамандарына көк-көп рахмет.

Гүлназ Ауылбекова, Орталық директорының орынбасары:

- «Самұрық-Қазына» үлкен қолдаудың арақсында біздің орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Бізде заманауи кабинеттер бар. Ол жаңағы сенсорлы интеграция кабинеті. Аватерапия кабинеттері, проекциялық бөлме, сенсорлық бөлме, массаж кабинеті, ЛФК, АФК, психолог, дефектолог, робототехника кабинеті.

«Samruk-Kazyna Trust» қоры «Қамқорлық» орталығынан бөлек, соңғы 10 жылда Жетісу өңірінде Ерте араласу орталығын да ашты. Осы екі мекемеде жыл сайын 700-ден астам бала көмек алады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Қуаныш Түргенбаев