Алаяқтарға шоттарын берген екі астаналық дроппер ұсталды
Астанада полиция дропперлерді ұстады, деп хабарлайды «24KZ».
Елордада 78 жастағы қала тұрғыны өзін мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған телефон алаяқтарының сөзіне сеніп, ақшасын сақтап қалу сылтауымен өзінің жинақ қаражатын алаяқтардың есепшоттарына аударған. Сонымен қатар олардың нұсқауымен алтын әшекейлерін сатып, одан түскен ақшаны да алаяқтар көрсеткен шоттарға жіберген.
Полиция қызметкерлері жәбірленушінің ақшасы түскен банк шоттарының иелерін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елорданың 19 және 21 жастағы екі тұрғыны ұсталды.
Тергеу барысында олардың ақшалай сыйақы үшін алаяқтарға өздерінің банк шоттарын, ұялы телефондарын, SIM-карталарын пайдалануға бергені, сондай-ақ банк мобильді қосымшаларын және криптовалюта биржасындағы аккаунттарды өз атына тіркегені анықталды. Кейін бұл құралдар қылмыстық схемада пайдаланылған.
Ұсталғандардың бірінің банк шотына қылмыстық жолмен алынған 1 миллион теңге, ал екіншісінің шотына 2,5 миллион теңге түскені белгілі болды. Күдіктілерге қатысты дропперлік фактісі бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Полиция азаматтарға банк карталарының деректемелерін, растау кодтарын, мобильді банк қосымшаларының логині мен құпиясөзін бөгде адамдарға бермеуді ескертеді.
Сондай-ақ ақшалай сыйақы үшін өз атыңызға банк шотын ашуға, SIM-карта рәсімдеуге немесе қаржылық сервистерді тіркеуге келіспеңіз. Жеке деректеріңізді үшінші тұлғаларға беру арқылы сіз қылмысқа сыбайлас қатысушыға айналып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз