Курсанттар ата заңды жаңа трендпен түсіндірді
Ішкі Істер министрлігіне қарасты Қостанай академиясының курсанттары жаңа Конституция туралы ағартушылық және ақпараттық бейнероликтер дайындап шығарды.
Жоба авторларының айтуынша, заманауи форматта, жеңіл, жатық тілде түсіндіретін бейнематериалдар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға сеп болмақ.
Қазақ және орыс тіліндегі 10 оқыту бейнероликті академия ұстаздары мен курсанттары үш апта ішінде дайындап шығарған. Ол үшін анимация мен жасанды интеллект технологиясын қолданған.
Анна Конвисарь, ҚР ІІМ Қостанай академиясы кафедра бастығының орынбасары:
- Бейнероликтер инфографика түрінде берілді. Конституцияның негізгі қағидаларын жалпақ жұртқа жеткізу үшін анимация қолданылды. Бейнематериалға арқау болған тақырыптар: Конституцияның преамбуласы, «Заң мен тәртіп», «Әділетті Қазақстан» , Құрылтай және Халық кеңесі. Осы жаңашылдықтар туралы қысқа да, нұсқа, қарапайым тілде түсінік беріледі.
Жобаның басты мақсаты - жаңа Ата заңның мән-маңызын жасқа да, жасамысқа да күрделі заң терминдерін қолданбай жалпақ тілде жеткізу. Оқыту бейнероликтері 16-дан 80 жасқа дейінгі тыңдарманға арналған. Оны құрастырушылардың бірі Нұркелді Серікбай дыбыс пен бейнені үйлестіруге аса мән берілгенін айтады.
Нұркелді Серікбай, ҚР ІІМ Қостанай академиясының курсанты:
- ҚР жаңа Конституциясына сәйкес түрлі жаңартулар мен өзгерістерді халыққа жеткізу барысында түрлі трендтер, яғни бейне роликтер кадрларды түсірген болатынбыз. Оның ішінде атап өтететін болсақ, салт-дәстүр, персонаждарды яғни жасанды интеллект арқылы түрлі промтарды еңгізу арқылы жасалатын болады. Бейнероликтен үзінді жаңа Конституциямыздың негізінде қарапайым және әркімге түсінікті ереже, заң мен тәртіп жатыр. Бірақ бұл тыйымдар туралы емес. Бір-бірімізге деген өзара құрметіміз туралы.
Ағартушылық-ақпараттық мақсаттағы бұл бейнероликтер алдағы уақытта мектептерде, колледж, университеттерде оқыту құралы ретінде пайдалану көзделіп отыр.
Ерлан Намысов, ҚР ІІМ Қостанай академиясы бастығының м.а:
- Осы білімді дайындаған парадигманы халыққа көрсетуге, басқа жоғары оқу білім орындарына көрсетуге дайынбыз. Оны әр қызметкер болсын, әр ҚР азаматы болсын қолданып, мультимедиа парадигмада қарап, осының бәрі оған түсінікті болады.
Жоба авторлары тағы бірнеше оқыту бейнероликтерін дайындауды жоспарлап отыр. Енді 1995 және 2026 жылғы Конституциялардың салыстырмалы талдауын тақырып өзегі етіп алмақ.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедьяров