Риддер қаласында жазғы туризмді дамытуға басымдық беріледі
Қысқы туризмнің орталығына айналған Риддер қаласының басшылығы енді жазғы демалыс түрін дамытуға ден қоймақ.
Тау шаңғы спортына аса қолайлы өлкеде қыста туристер жиі болғанымен жазда олардың саны күрт азаяды. Кейбір қонақүйлер уақытша жабылып та қалады. Жергілікті билік енді осы олқылықтың орнын толтырмақ. Алтай тауларының баурайындағы әсем өлкені қандай өзгеріс күтіп тұр?
Риддердің табиғаты Қатон-Қарағайдан кем түспейді. Кеншілер шаһарын шыңын қар басқан таулар мен сыңсыған орман қоршап жатыр. Өлкеде әсіресе қысқы туризм жақсы дамыған. Шаңғыда құйғыта сырғанауды жаны сүйетін туристер ақ ұлпа қалыңдай сала осында ағылады. Бірақ күн жылынғанда келушілер қатары сап тыйылады. Қонақүйлер босап, кейбірі уақытша жабылады.
Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:
- Қонақүйлер жаз бойы босап қалады. Бұл бірталай шығын әкелетіні сөзсіз. Кейбір кәсіпкерлер демалыс базаларын уақытша жауып тастайды. Осыны зерттей келе жазғы туризмді дамытуға көңіл бөлеміз деп шештім. Бізде жазда да келуге болатын орындар көп. Ворошилов шыңы, 3 ағайынды тауы және радон көлдері бар.
Демек, Риддер тек қыста әдемі емес. Табиғаты жазда да көз жауын алады. Жергілікті билік енді осыны дәріптеуге көшті. Бұл үшін алдымен инвестор тарту керек, дейді мамандар. Мұндағы Батыс Алтай қорығының өзі туристер үшін таптырмас орта. Ит тұмсығы батпайтын орман мен тау-жартасты көрген де, көрмеген де арманда.
Андрей Михеенков, демалыс базасының директоры:
- Біздің тауларды туристік мақсатта тек қыста қолдану аздық етеді. Бұл жақта жазда да жанға жайлы демалыс ұйымдастыруға болады. Түрлі фестиваль өткізуге мүмкіндік мол.
Жақында алғаш рет экстремалды мотоспорт түрінен фестиваль өтті. 120 шабандоз қатысқан шара нағыз шоуға айналды. Күрделі бағыттарды еңсерген олар қонақтарды таң қалдырды. Болашақта дәл осындай жобалар қатарын арттыру көзделуде.
Ирина Смит, туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Былтыр ресми мәліметке сүйенсек, облысқа 450 мың турист келді. Аз емес. Дегенмен, биыл бұл көрсеткіш біршама артады деген үмітіміз бар. Болжам бойынша шамамен 700 мыңнан асып қалар.
Келетін қонақтардың біршамасы Риддерге де ат басын бұруы мүмкін, дейді сала өкілдері. Сондықтан ондағы мамандар ең көрікті орындарды көрсетуге дайын.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов