Шымкенттіктер жаңа мамандықты меңгереді
Шымкентте 600-ден астам тұрғын еңбек нарығына сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлықтан өтеді.
Жұмыссыздар мемлекеттік бағдарлама арқылы тегін білім алып, тігінші, стилист, кондитер және кассир кәсібін меңгермек. Оқуын сәтті тәмамдағандар тұрақты жұмыспен қамтылады.
Дильноза Эргашева тігін курсын үш ай ішінде бітіріп шықты. Кәдесыйлар жасап, заман талабына сай ұлттық нақыштағы киімдерді тігуді меңгерді. Енді жаңа мамандығы бойынша жеке кәсібін бастауға ниетті.
Дильноза Эргашева, қала тұрғыны:
- Үш бала шағаммен осы жерге келіп оқу маған тиімді болды. Осы жерде көп нәрсені үйрендім. Қалай тігіп, пішу керектігін. Менің ойым осы мамандықты меңгеру болды. Алдағы уақытта тағы да осындай гранттарға қатысып, әрі қарай жұмысты жалғастыруға болады.
Биыл бұл курсты ондаған түлек аяқтаса, олардың ізін ала жаңа шәкірттер жолдамамен қабылданып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында тегін білім алуға ынталы жандар дизайнерлік өнерді де меңгеріп шығады. Жаңа киім үлгілерін жасап, тұтынушылармен тығыз байланыс орнатуды үйренеді. Осылайша еңбектің ебін тапқандар жеке кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алды.
Жанна Елтанова, оқу орталығының жетекшісі:
- Басты мақсатымыз - оларды жұмыспен қамту. Алдағы уақытта жеке кәсіпкер атанып, тұрақты табысқа шығуына жағдай жасағымыз келеді. Бізде оқитындардың көбі дизайнерлікті меңгеріп, киім ательесін ашуды мақсат етеді. Қазір түлектердің шамамен 20% өз ісін иіріп алып кетті. Оның өзі үлкен жетістік.
Кәсіптік оқуға жолдама алу үшін әуелі жұмыссыз ретінде тіркелу керек. Одан кейін Мансап орталығының мамандары үміткерлердің біліктілігіне қарай бос жұмыс орындарын немесе тегін оқу курстарын ұсынады. Айта кетейік, биыл нарықта тоқу машинасының операторларына, тігіншілер мен шаш үлгілеуші-стилистерге, сондай-ақ кассир, кондитер және тәрбиеші көмекшілеріне сұраныс жоғары.
Бекзат Толыбаев, Қалалық еңбек мобильдігі орталығы басшысының орынбасары:
- 160 адамды жұмыс берушінің жұмыс орнында оқыту жоспарланған. Сондай-ақ 460 адамды білім беру ұйымдарында оқыту жоспарланған. Еңбек нарығында тапшы мамандарға өтініш берілді. Бұл кәсіптік оқытудың жұмыс берушілерге де жұмыс іздеушілерге де тиімділігі бар.
Кәсіптік оқу мерзімі үш айға созылады. Оның алғашқы айы теориялық білімге негізделсе, қалғанында шәкірттер өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқу барысында бағдарлама қатысушыларына ай сайын 43 мың теңгеден астам шәкіртақы төленеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов