Қарағандыда 137 шақырым жол жөнделеді

Қарағандыда биыл 137 шақырым жол жөнделеді.

Оған шамамен 14 миллиард теңге жұмсалады. Қазір негізгі магистральдар жаңғыртылып, қиылыс жолдар кеңейтіліп жатыр. Жол қозғалысы үшін маңызды учаскелердің бірі Тәттімбет атындағы көше. Жолды кеңейту және қосымша бұрылыс жолақтарын салу жобасы 10 шақты күнде аяқталады. 

Тәттімбет атындағы көшені жаңғырту - ірі жобалардың бірі.  Жолдың асфальт жабыны жаңартылып, көлік қозғалысын жеңілдету үшін қиылыс кеңейтіліп жатыр. Себебі соңғы үш жылда бұл ауданда жаңа үй көбейді. Жоба аяқталғаннан кейін жол Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты жалғайтын жаңа төрт жолақты магистральға қосылып, қаланың негізгі көлік қатынайтын күретамырына айналады.

Ержан Кокушев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Бұл ауданда жаңа тұрғын үй көп салынып жатыр. Сондықтан мұнда көлік ағыны бірнеше есе артты. Сол себепті Тәттімбет пен Мұқанов көшелерінің қиылысы кеңейтіліп, қосымша бұрылыс жолақтары салынды. Енді таңертеңгі және кешкі көлік кептелісі жойылады.

Биыл қалада 137 шақырым жолды жөндеу жоспарланса, оның 43 шақырымы жаңадан төселеді. Сондай-ақ қолданыстағы магистральдар жаңғыртылуда. Жөндеу жұмыстары бір мезгілде ондаған учаскеде жүріп жатыр. Республика даңғылына да су жаңа асфальт төселді.  Алайда жүргізушілердің айтуынша, жолдың жағдайы бұған дейін де жаман болмаған. Сондықтан бұл жолды жөндеу артық шығын дейді.

БЛИЦ

- Бір жолды жөндей береді. Былтырғы жылы істеген. Тап-таза жол, теп-тегіс. Смысл істеуге оны.

- Қазір кептелістер болып жатыр. Өйткені біздің басты даңғыл Республикада жөндеу жұмыстары болғаннан кейін айналма жолдармен жүріп жатырмыз. Оның барлығы уақыт.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Республика даңғылы сырт көзге тегіс көрінгенімен мамандар жол жамылғысында ақаулар анықтаған. Соңғы рет жол 2018 жылы жөнделген. Содан бері ойықтар пайда болып, бұл қозғалыс қауіпсіздігіне әсер ете бастады дейді жауаптылар.

Жол жөндеу жұмыстарының сапасы бақылауда. p/p Жыл басынан бері жөнделіп жатқан учаскелерден 172 сынама алынды. Зертханада тексерген мамандар 30 сынама талапқа сай емес деген қорытынды шығарды. Олар асфальттың тығыздығын мен  су сіңіру деңгейін тексерді. Анықталған кемшіліктер  бойынша тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға оны жою туралы нұсқама берді.

Мөлдір Мәжит, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы"  Қарағанды филиалының зертхана меңгерушісі:

- Жол-құрылыс материалы ретінде төселген асфальттан сынама алынады. Ол белгіленген нормативтерге сәйкес іріктеледі. Мысалы, тығыздалу коэффициенті, су сіңіру деңгейі белгіленген нормаға сай болуы керек. Осындай сәйкессіздіктердің салдарынан асфальт уақыт өте келе бұзылып, жолда доңғалақ ізі мен жарықтар пайда болады.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Ауқымды жол жөндеу жұмыстары тек Қарағандыда ғана емес, облыс көлемінде де жүргізіліп жатыр. Биыл республикалық маңызы бар 282 шақырым жолды жөндеу, көпірлерді жаңғырту жоспарланған. Ең ірі жоба - «Қарағанды-Жезқазған» тас жолын жаңғырту жұмысы бірнеше жылда кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жалпы ұзындығы 457 шақырым болатын жолдың төсемі толығымен жаңартылып, көпірлер мен өткелдері қайта салынады.

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит