Қазақстанда жасалған экоавтобус Германияға эскпорттала бастады
Зауыт Алматыда орналасқан. Кәсіпорын басшысының айтуынша, қоғамдық көліктер Берлинге жөнелтіледі.
Серіктестік бұдан өзге тағы бірнеше шет мемлекетпен келісім-шарт жасасқан. Оның қатарында Сауд Арабиясы, Катар, Пәкістан, Грузия, Өзбекстан сияқты елдер бар. Айта кетейік, бұл жұмыстар эксперттік акселерация бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
FalconEuroBus компаниясы 2018 жылы құрылған. Ол электр автобустарының 10 түрін шығарады. Ұзындығы 6-дан 24 метрге дейінгі қалааралық және және туристік, әуежайға арналған моделі бар. Қоршаған ортаны ластамайды. Сапасы еуропалық стандартқа сай. Ал бағасы Қытай өндірушілерінен әлдеқайда төмен. Сондықтан оған сұраныс та жоғары. Қазір, әсіресе шетелдіктер аса қызығушылық танытып отыр.
Мұрат Әділханов, «FalconEuroBus» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы:
- Көп жылғы еңбегіміздің нәтижесінде шығарылған алғашқы 52 автобусымыздың өндірісі аяқталды. Оның алғашқы 5 автобусын көлік тасымалының жүйелілігіне байланысты кезең-кезеңімен жөнелту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда осы алғашқы 5 автобустың кедендік құжаттары толық рәсімделді. Енді бүгін сәтін салып, оларды жолға шығарып жатырмыз. Алғашқы 5 автобус Германияның Берлин қаласына жөнелтіледі.
Зауыт автобусқа 25 жыл кепілдік береді. Мамандардың айтуынша, мұндай сапамен тек қана еуропалық компаниялар ғана мақтана алады. Негізгі құрылымы аллюминийден жасалады.
Мұрат Әділханов, «FalconEuroBus» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы:
- Автобустың құрамындағы жабдықтардың шамамен 30-40 пайызы Еуропадан жеткізіледі. Атап айтқанда, қозғалтқышы, электрондық жүйелері, электроникасы, фаралары мен оптикалық бөлшектері Еуропадан алынады. Ал автобустың сыртқы бөлігін өзіміз өндіреміз. Қазақстандағы осы зауытта кузов құрастырылады, тек кейбір ұсақ бөлшектер ғана Қытайдан жеткізіледі.
Осының бәрі Сауда және интеграция министрлігі қолға алған Экспорттық акселерация бағдарламасының нәтижесі. Жобаға қатысу үшін 253 өтінім келіп түскен. Соның ішінен 125 қатысушы іріктелді. Ауғанстанда ұйымдастырылған сауда экономикалық миссияның қорытындысы бойынша 145 млн АҚШ долларынан асатын меморандумға қол қойылған. Ал Тайландта 1 млн АҚШ долларына экспорттық келісім жасалды.
Гүлнәр Сейітжаппарова, «Qaztrade» АҚ Экспорттық акселерация департаментінің аға менеджері:
- Қазіргі уақытта негізгі назар кәсіпорындарды сыртқы нарықтарға шығаруға дайындауға, B2B кездесулерін ұйымдастыруға және экспорттық келісімшарттар жасауға жәрдемдесуге бағытталған. Сондай-ақ постмониторинг аясында 2025 жылғы бағдарламаға қатысушыларға да осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
FalconEuroBus – алдағы уақытта Пәкістанға 600, Өзбекстанға 550, Грузияға 200 автобус жөнелтеді. Олармен арада келісім-шарт бар. Сауд Арабиясы болса, бұдан да ірі көлемде тапсырыс беруге дайын.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон