Ақтөбелік экологтар оқушыларға табиғат қорғау қағидаларын түсіндірді
Ақтөбелік экологтар оқушыларға қоршаған ортаны қорғаудың қағидатын түсіндіру үшін жазғы лагерьдің бірінде болды.
Табиғат аясында демалып жүрген балаларға экология мәдениетін қалыптастырудың қадамдары айтылды. Шараға 100-ден астам жеткіншек қатысты. «Жасыл ел» жасағының өкілдері мен эколог мамандар өңірде атқарылып жатқан тазалық акциялары туралы баяндап, қоғамдық іске белсенді қатысуға үндеді. Жалпы облыс бойынша «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде жыл басынан 33 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 220 мың көшет егілді.
Гүлзат Жолмұратова, эколог:
- Кішкентай балалар да табиғатты қорғауға өз үлесін қоса алады. Мысалы, өзінен кейін жинап жүру, қоқысты жерге тастамау, су мен электр қуатын үнемдеу, ағаштарды сындырмай, көшет отырғызу – мұның бәрі экологиялық мәдениеттің көрінісі. Менің ойымша, бұл өте маңызды жұмыс. Егер экологиялық мәдениет балабақша жасынан бастап баланың бойына сіңсе, ол өскенде күнделікті өмірінің ажырамас әдетіне айналады.