Шымкентте бұрынғы Президент резиденциясы жазғы лагерь болып құрылды

Шымкентте бұрынғы Президент резиденциясы жазғы лагерь болып қайта құрылып, дарынды балаларды қабылдады.

Мұнда пән олимпиадаларының жеңімпаздары, ғылыми жоба авторлары мен спортта үздік болғандар үшін 12 күндік демалыс ұйымдастырылады. Жазғы лагерьде жасөспірімдердің интеллектуалдық әрі шығармашылық әлеуетін жан-жақты дамытуға басымдық берілген.  

Мәриям Сабырхан биылғы жазғы демалысын бірегей орталықта өткізіп жатыр. Білім бәйгелерінде топ жарған ол жаңа лагерьге арнайы жолдамамен келіп, еңбегінің жоғары бағаланғанын сезінді. Жас дарынның ендігі уақыты білімін шыңдауға және өзі сияқты үздіктермен тәжірибе алмасуға арналмақ. 

Мәриям Сабырхан, пән олимпиадаларының жеңімпазы:

- Бірқатар олимпиадалардың жеңімпазы болғанымның арқасында осы лагерге келіп, демалып отырмын. Мен өте қуаныштымын. Себебі мұндай бақыт көп адамға бұйыра бермейді. Яғни барлығы дарынды балалар. Көптеген жетістіктерге жеткен. Олардан аларым өте көп деп ойлаймын. Жәймендеп танысып жатырмыз. Жақсы адамдарды жолықтырғаныма өте қуаныштымын. 

Орталықта жас таланттардың демалысын тиімді өткізу үшін тәрбиелік-танымдық бағдарлама әзірленген. Мұндағы әрбір күн оқушылардың көшбасшылық қасиетін шыңдап, шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған. Олардың қабілет-қарымы мен қызығушылығына қарай зияткерлік сайыстар мен түрлі байқаулар өтеді. 

Ақбота Мараимова, дарынды балаларға арналған оқу-сауықтыру лагерінің бөлім меңгерушісі:

- Викториналық сұрақтар балалардың ой-өрісін дамытуға. Одан кейін балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға «Актерлыққа бір қадам» деген, «IQ дода» деген байқаулар бар. Балалардың дарындылығын, таланттық қабілеттерін ашу үшін осындай бағдарламалар ұйымдастырылып отыр. 

Зәулім кешен заманауи талаптарға сай толық жабдықталған. Мұнда бассейн, тренажер залы мен кітапхана, мәдени-танымдық үйірмелер жұмыс істейді. Осылайша білім көкжиегін бағындыруға бет алған алғыр оқушыларға артылар үміт те үлкен. 

Данияр Егізбаев, дарынды балаларға арналған оқу-сауықтыру лагерінің басшысы:

- Бұл лагерь жыл көлемінде жұмыс істейді. Бір келген кезінде 30 баланы қамтимыз. Олар 12 күн жатады. 1 жылда жалпы саны 500-ге жуық оқушыны қамтимыз деп есептеп, жоспарлап отырмыз. Оқушылардың барлық тізімін бізге Білім басқармасы береді. Сол балалар ертең республикалық деңгейде, халықаралық деңгейде елдің намысын, қаланың намысын қорғау мақсатында ғылыми жобаларға, олимпиадаларға қатысады деп жоспарлап отырмыз.  

Биыл қала бойынша 12 мыңға жуық бала жазғы лагерьлерге жолдама алды. Демалыс орындарына бірінші кезекте әлеуметтік осал топтан шыққан, қиын жағдайға тап болған, ата-ана қамқорлығынан тыс қалған оқушылар жіберіледі. Ал өзге 250 мың баланың бос уақытын тиімді өткізу үшін мектеп жанынан арнайы бағдарламалар мен іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов