Джеки Чан Маңғыстауға келді

Аңыз актер әрі жекпе-жек шебері Джеки Чан Маңғыстау облысына келді.  Әлемге әйгілі өнер иесін өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай қарсы алды.

Кино жұлдызы «Құдайдың сауыт-сайманы 4: Ультиматум»  халықаралық фильмінің түсіріліміне қатысу үшін келген. Кездесу барысында қонаққа қазақтың дәстүрлі сусыны шұбат ұсынылды. Кейін жарияланған бейнежазбадан Джеки Чанның автокөлікті өзі жүргізіп, ал алдыңғы жолаушылар орнында облыс әкімі отырғанын көруге болады. Фильмнің негізгі түсірілім орындарының бірі - Бозжыра шатқалы. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Маңғыстаудың мұндай ауқымды жобаға қатысуы, әлемдік киноиндустрияның назарын аударып, өңірдің туризмі мен инвестициялық әлеуетінің артуына ықпал етпек.