Репрессия құрбандарын ақтауға арналған кітап жарық көрді
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға арналған кітап жарық көрді.
Кітаптың тұсаукесері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымовтың 75 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда кесілді. Онда елге белгілі ғалымдар баяндама оқып, саяси қуғын-сүргін мәселелерін зерттеудің өзекті бағыттарын талқылады.
Сабыр Қасымов ұзақ жылдар бойы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жолында тер төгіп келеді. тіпті арнаулы мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің басшысы болып та қызмет атқарды. Осы уақыт ішінде ол жүйелі еңбек етті.
Дихан Хамзабек, алаштанушы:
- Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның офисін басқарды. Яғни, ол ісін жүйелеу деген сөз. Сонда үш жыл тұрақты қызмет жасап, орталық пен өңірлердің арасында комиссиялар құрып, кіші комиссиялар деп аталады. аудандардың архивіне дейін ақтаруға, ішінде көп ақтаңдақтарға жарық түсіруге себепші болды.
Елорда өтіп жатқан ғылыми конференция «1920–1950 жылдардағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау саласындағы Сабыр Қасымовтың ғылыми-әдіснамалық қызметі» деп аталады. Маман өз жұмыстарында халықаралық тәжірибеге сүйенгенін жеткізді.
Сабыр Қасымов, «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті:
- Бұрын айтылмайтын 1 млн 800-ден астам халық шетелге қашқан. Мұның бәрін бұрын «вынужденная откачевка» дейді. Қазақтар өздері кеткендей. Шын мәнінде халықаралық стандарт бойынша бұл «вынужденные беженцы», қашуға мәжбүр болған халық.
Шарада осы зерттеулер негізінде жазылған кітаптың тұсаукесері де өтті.
Құралай Сәрсембина, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қаласындағы филиалының директоры:
- 23 том кітап жарық көрді. Оның алғашқы 10 томы Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда үкіметі және Алаш және түркі халықтарының азаттық жолындағы күресіне арналады. 2025 жылы Қазақстандағы Кіші Қазан қасіретіне қатысты еліміздің түкпір-түкпірінен, архивтерінен жинақталған 10 том жарық көрді.
Мұндағы негізгі мақсат саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау. Сондай-ақ ақталмай қалған тұлғаларға қатысты тарихи әділеттілікті орнату.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Асхат Қарақойшиев