Елордада «Менің алғашқы кітабым» байқауының жеңімпаздары анықталды
Елордада жасөспірімдер арасында өткен «Менің алғашқы кітабым» атты байқау өз мәресіне жетті. Жарысқа 7 мен 15 жас аралығында 60-қа тарта жас қаламгерлерден 70-ке жуық шығарма келіп түскен. Бір айға созылған сайыста балалар еркін тақырыпта жазылған әңгімелерін, ертегі мен өлеңдерін және повестерін ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.
«Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында ұйымдастырылған жарыстың мақсаты – оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын оятып, шығармашылығын шыңдау. Салтанатты рәсімде барлық қатысушы марапатталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Шерхан Асанов, байқаудың 3-орын иегері:
– Мен екінші сыныпта оқимын. Бұл менің алғашқы кітабым. «Менің сүйікті ақ әжем». Мені әжем ешқашан тастамайды, қорғайды. Біз екеуіміз қыдырамыз, сөйлесеміз. Мен оған көмектесемін. Өйткені ол арбада отырады. Мен өскенде жазушы болғым келеді.
Шолпан Сыздықова, «Менің алғашқы кітабым» жобасының авторы:
– Бастапқыда байқауға қатысушылардың шығармалары 10 беттен аспауы керек деген талап қойдық. Алайда балалардың басым бөлігі бұл талаптан асып кетті. Біз олардың шығармашылық еркіндігін шектегіміз келмегендіктен, көлемді туындыларды да қабылдадық. Жарыс жеңімпаздарын анықтау үшін әділ қазылар қатарында бас редакторлар, баспагерлер, Ұлттық кітапхананың өкілдері, кітап клубтарының мүшелері, мектеп мұғалімдері мен директорлары қатысты.