Абай облысында 77 мың бала жазғы лагерьде демалады
Абай облысында биыл 77 мың бала жазғы лагерьлерде демалады. Әлеуметтік осал санаттағы 5-мыңға жуық оқушы тегін жолдамамен жіберіледі.
Бұл мақсатқа бюджеттен 372 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен әр ауданнан 11 оқушы республикалық сауықтыру орталықтарына тегін жолдама алды. Ең бастысы, биылдан бастап лагерьлерге қойылатын талап күшейіп, балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп отыр.
Үржар ауданындағы Тарбағатай оқу-сауықтыру орталығы жұмысын 1 маусымда бастады. Жаз бойы мұнда 560 бала тынығады. Әр ауысымда 80 оқушы демалады. Балалар күніне алты мезгіл тамақтанып, шығармашылық, спорттық және танымдық үйірмелерге қатысады.
Ербол Қоштаев, Тарбағатай оқу-сауықтыру орталығының директоры:
- Балалар келген кезде әр баланың мінезі әртүрлі болады. Қызығушылықтары әртүрлі болады. Сол әр баланың қызығушылығын ашу үшін бізде психолог және әртүрлі сауалнамалар, құм терапиясы бар соның ішінде бәрі қамтылған. Сол арқылы балаларды анықтап сол бойынша топтарға бөлінеді. Сол бойынша жұмыстарды ары қарай жалғастырамыз.
Ал Мақаншы ауданындағы «Дарабоз» балалар сауықтыру орталығы жазғы маусымда 720 баланы қабылдайды. Оның 428-і – Мақаншы ауданынан, қалғаны Абай және Ақсуат аудандарынан келеді. Демалушылар арасында әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар бар. Олар үшін спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар, экскурсиялар мен түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылған.
Балжан Тұрсынбекова, оқушы:
- Балалар өте тату, бәрі бірге жұмыс жасайды. Апайлар маған ұнады. Іс-шаралар өте көп, тығыз. Әрбір күн қызықты сәттерге толы болып жатыр.
Кәусар Жексенбай, оқушы:
- Мысалы, мен өзім де осы жаққа келіп, өзімді жақсы қырымнан көріп жатырмын. Мен бұрын доппен көп ойнамайтынмын. Осында келіп, өзімнің волейбол ойнай алатынымды біліп жатырмын.
Лагерьлерде іс-шаралар министрлік бекіткен бағдарлама бойынша жүзеге асырылып жатыр. Балалардың қауіпсіздігі тәулік бойғы күзет, медицина қызметкерлері мен тәлімгерлердің кезекшілігі арқылы қамтамасыз етілген.
Нұржан Сабыров, тәлімгер:
- Бізде арнайы құтқару қызметкерлері жұмыс істейді. Олар облыстан келген мамандар және аудандық қызметкерлермен бірлесіп жұмыс атқарады. Сонымен қатар лагерьде арнайы суда жүзу нұсқаушысы мен дене шынықтыру мұғалімдері бар. Балалар суға түскен кезде олардың барлығы бірге болып, қауіпсіздігін қадағалап отырады. Лагерь балаларының шомылуына арналған арнайы аймақ белгіленген. Ол жерге лагерь тәрбиеленушілерінен басқа ешкімнің кіруіне рұқсат етілмейді.
Жалпы өңірде биыл 10 сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 329 демалыс орталығы мен мектеп жанындағы лагерьлерде 77 мың бала демалады. Мамандардың сөзінше, балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастыру – биылғы маусымның басты талабы.
Темірлан Шалқарұлы, Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Ең алдымен әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балаларға басымдық беріледі. Сонымен қатар білім мен өнерде, ғылым мен спортта жетістікке жеткен, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан дарынды оқушылар да назардан тыс қалмайды. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру – тек бос уақыт өткізу емес, бұл өскелең ұрпақтың қауіпсіздігіне, тәрбиесіне және жан-жақты дамуына жасалған қамқорлық.
Өңірдегі лагерьлерде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға және бос уақытын тиімді өткізуге басымдық берілген. Жазғы сауықтыру науқаны тамыз айының соңына дейін жалғасады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков