Елде мыңнан астам бала мемлекеттік балабақшалардан шығарылды

Мектепке бара алмайды, балабақшада да қала алмайды. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардан 10 мыңдаған алты жасқа толмаған балалар шығарылды. 

Ата-аналар не істерін білмей дал. Құзырлы органдардың жауабы қандай?  

Биыл бес жасар Айбике балабақшадағы бітіру кешін тойлады. Демек мектепке даярлық басталу керек. Алайда анасы қызының партаға отыруына әлі ерте деп есептейді. Өйткені о баста балабақша басшылығымен келісім басқа болған.

Сәуле Дүйсембаева, Астана қаласының тұрғыны:

- Екі жыл бұрын балабақшаға бергенде қызымның 2020 жылдың 24 желтоқсанында туғанын бірден ескертіп айтқанмын. Сол үшін бір жас кіші балалар тобына қосқым келген. Алайда меңгеруші: «Бұлай істеуге болмайды, бізде мұндай тәжірибе жоқ», - деп бас тартқан. Сосын балабақшаны бітірер кезде топтың жартысы тағы бір жылға қалады деп сендірді. Десе де мамыр айының соңында балабақшадан шығатындарыңыз туралы өтініш жазыңыздар деді.

Осылайша, уәде бұзылып, Айбике балабақшадан шығарылған. Мұндай жағдайға тап болған ата-ана жетерлік. Әлеуметтік желіде базынаға толы жазба көп. Ел бойынша 10 мыңнан аса бала екі ортада қалып отыр. Мәселе 2022 жылы мемлекеттік білім беру стандартына өзгерістер енгізілгенде туындаған. Ал оған дейін мектеп алды даярлық тобына қабылдау қыркүйектен басталса, қазір қаңтардан қабылдайды. Ақыр аяғы жасы алтыға толмаған балалар да бағдарламаны игеріп алады.

Динара Абылқанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаменті директорының орынбасары:

- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты 2022 жылы жаңартылды. Балабақшалардағы жас ерекшелік топтары оқу жылының басында балалардың жасы мен олардың толық жасқа толуын ескере отырып жасақталады. Мектеп алды даярлықтан балалар 5 жасында мектеп алды даярлық бағдарламасы бойынша өтеді. Мектеп алды даярлықты меңгергеннен кейін тек осы жағдайда ғана балалар мектепке дейінгі ұйымдардан шығарылады.

Дейтұрғанмен бұл талап бәріне бірдей жүрмейді. Егер дефектолог, психолог, логопед және дәрігерлерден құралған комиссия қорытындысы болса, балабақшада қалдырылады. Алайда тәрбиеленушілердің көпшілігіне кетуіне тура келеді. Ал балалар психологы: «5 жастағылар мектеп бағдарламасын меңгеруге дайын емес», - дейді. Зияткерлік қыры қалыптасып үлгермейді. Ерік-жігер мен физикалық қабілет те бәсең болады. Оларға ұзақтығы 25 минуттан асатын сабақтар қиындық туғызады.

Татьяна Остапенко, балалар психологы:

- Ойын баласы бұндайға дайын емес. Олардың миындағы ерік-жігерге қатысты бөлігі әлі жетілмеген. Ол қабілеттері енді қалыптасып келеді. Бұдан бөлек, физикалық дайындығы бар. Балаларға қиын болатын себебі қолы әлі жазуға дағдыланбаған.

Баланың санасына сақтықпен қарауды Стэнфордтық ғалымдар ескертіп отыр. Психикалық денсаулығына абай болуға шақырады.

Бес жасар балалардың бейімделу мәселесіне елдегі жекеменшік мектептердің бірі де көңіл бөлген. Қонаев қаласында мектепке даярлық сыныптары ашылды.  Онда сабақ уақыты қысқартылған және түскі ұйқы қарастырылмаған.

Күләнда Батырбекова, Білім беру саласындағы инвесторлары ұлттық қауымдастығының вице-президенті:

- Ойлау әрі ойнау. Сабақтар 20-25 минут ойын түрінде өтеді. Бағдарлама өте қызықты, ертегілер де өте тартымды. Алайда балалар балабақашда дайындықтан өтуі тиіс. Сондай-ақ біздің мектебіміз бар. Соның арқасында біз бастауыш мектептердің немен айналысатынын, олардың бірінші сыныптан бастап бағдарламалары қандай екенін жақсы білеміз. Біз бағдарламаны сәл жеңілдетіп, соларға бейімдейміз. Өйткені бізге бастауыш сынып мұғалімдері жиі келіп тұрады. Олар да балалармен сөйлеседі, бақылайды, кіммен жұмыс істеу керек екенін анықтап, түзетеді. Сондай-ақ психолог пен логопед те айналысады.

Сарапшылар осындай сыныптарды ел аумағында ашу керек деп санайды. Алайда оқу-ағарту министрлігі бұған қатысты түсініктеме беруге әзір емес. Мемлекеттік балабақшаларда орын әлі де тапшы. Ата-аналардың көңілі алаң.  

Авторы: Нысаналы Ығыл, Гүлнара Хасан