2027 жылы балабақшаларға лицензия алу міндеттеледі
Елімізде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қойылатын талап күшейеді.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық балабақша лицензия алуға міндеттелді. Жаңа ереже балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тәрбие мен білім сапасын арттыруға бағытталған. Бұл ретте жекеменшік балабақша иелері нені ескеруі тиіс?
Елде балабақшаларға лицензия беру тәртібі 2011 жылы тоқтатылған. Содан бері жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар хабарлама беру арқылы ғана жұмысын бастап келді. Алайда соңғы жылдары бұл салада түрлі келеңсіз жайттар жиілеп кетті. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Қазақстанда тәрбиеленушілердің құқықтары бұзылған кезде әрекетсіздік танытқан 135 балабақша басшысы жазаланды.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- 2024-2026 жылдары мектепке дейінгі ұйымдарында резонансты 42 жағдай тіркелді. Олардың 37-сі жекеменшік балабақшаларда болған және олардың 36-сын осы балабақша тәрбиеленушілері жасағандығы анықталып отыр.
Балаларға қатысты қатігездік қоғам назарын аударды. Осыған орай салада мемлекеттік бақылау күшеймек. Келер жылдан бастап барлық мектепке дейінгі мекемелер лицензия алуға міндеттеледі.
Құралай Абеуова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі комитетінің бас сарапшысы:
- Негізгі 10 талап бар. Ол жеке жоспарлардың болуы балабақшалардың, педагогтердің болуы, педагогтердің білімі сәйкес болу керек. Оқу бағдарламалары және барлық дидактикалық материал болуы керек. Бағдарламаларына сай ғимараттың өзінің рұқсатнама қағаздары болады. Ол СЭС қорытындысы өрт қауіпсіздігіне қатысты барлық құжат толығымен болуы, ерекше балаларға қажет барлық жағдайларды жасауы тиіс.
Жаңа тәртіп бойынша бұрыннан жұмыс істеп тұрған балабақшаларға кемшіліктерді жойып, лицензия алуға уақыт беріледі. Дегенмен, жекеменшік балабақшалар, әсіресе ғимаратты жалға алып отырған кәсіпкерлер, жаңа талаптарды орындау оңайға соқпайтынын айтады.
Наталья Мишукова, Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының атқарушы директоры:
- Алдын ала тексеру барысында 58% балабақшалардың дайын екені анықталды. Қалғандары дайын емес. Әртүрлі себептермен. Ең бастысы СЭС рұқсаты. Бұрынғы СЭС рұқсаттары жарамды болып табылады деп өздері айтады. Дегенмен, СЭС рұқсат қағазын ашқан кезде кейбір рұқсатнамаларда топтың саны жазылмаған немесе қанша балаға қарастырылған бұл балабақша, сол мәлімет жазылмаған. Асхана туралы мәлімет жоқ. Енді қараңыз мәлімет асхана туралы болмаса, бала саны немесе топ саны болмаса, ол СЭС-тің рұқсатнама қағазы жарамсыз болып табылып жатыр. Оны қайтадан өтсін деп жатыр. Ол қайтадан балабақшаны салу керек деген сөз ғой.
Бүгінде елде 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым болса, оның 6 мыңы жекеменшік. Лицензиялау тетігі осы мекемелердің жұмысын жүйелейді. «Мектепке дейінгі білім беру мекемелерін лицензиялау бірден емес, кезең-кезеңімен, үш жыл ішінде жүргізіледі» дейді жауаптылар. Сондықтан балабақшаларға кем-кетік тұстарын жөндеге уақыт берілетінін алға тартады.
Құралай Абеуова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі комитетінің бас сарапшысы:
- Лицензия ала алмаса жабылмайды, әрине қазіргі уақытта министрлік лицензиялау енгізу барысында кезең-кезеңмен өткізу мәселесін пысықтауда, яғни 12 мың балабақша деп айтып отырмыз, сол балақбақшалар өзі хабарлама тәртібімен жұмыс істеп жатқаннан кейін, лицензия алғанға дейін хабарлама тәртібімен әрі қарай жұмыс істей береді.
Лицензия алу екі кезеңнен тұрады. Біріншісінде кәсіпкерлер барлық құжатты толтырып, е-Лицензия порталына жүктейді. Ал екінші кезеңде Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері мекемелердің талапқа сәйкестігін барып тексереді. Барлық процедура 30 күндей уақыт алады. Бұл ретте лицензия алуға өтініш беру санына шектеу жоқ. Жаңа жүйе іске қосылған соң мемлекеттік тапсырыс та тек талапқа сай, ресми рұқсаты бар мекемелерге беріледі. Ал ата-аналар үшін бұл баласының қауіпсіз ортада өсуіне кепіл болмақ.
Авторлары Ғазиза Мұхамеджаноав, Мұрат Әріпханов