Мемлекеттік Туды қолдану қағидаттары өзгерді
«Әнұраным – айбыным, көк байрағым – байлығым!»
Елде 13 шілдеден бастап Мемлекеттік рәміздерді орнату және орналастыру қағидаларына қатысты Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді. Бұл талап Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін жетілдіруді және оларға деген құрметті нығайтуды көздейді.
Мемлекеттік рәміздерге ықыласы ерекше жанның бірі оралдық кәсіпкер Аветик Амирханян. 1973 жылы 18 жасында алыс Армениядан жолдамамен келген жас құрылысшы Орал қаласында өсіп-өніпті, еселі еңбекпен бақытын тауыпты, халқымыздың даладай дарқан пейілін бойына сіңіріпті. Бүгінде шетелге шықса, өзін қазақпын деп таныстырады, көк жалаушаларды міндетті түрде қоржынға салып жүріп таратады. Тіпті қайбір жылы Ереванға барып, қазақтың көк байрағын желбіреткені де бар.
Аветик Амирханян, Орал қаласының құрметті азаматы:
- Қызым Арменияға тұрмысқа шығып, Ереванға бардым. Барсам, той өтетін кешенде ондаған мемлекеттің туы ілініп тұр. Қараймын, ішінде қазақтың көк туы көрінбейді. Қатты намысыма тиіп кетті. Сосын, сол ресторанның қожайынын шақырып алып айттым: «Слушай, дорогой, мен Қазақстаннан құда боп, қонақ боп кеп тұрмын. Егер мына жерде көк байрақ ілінбесе, мен той төріне отырмаймын» деп. Ол да мені түсінді. Содан Ереваннан Қазақстан рәмізін іздеп таптық. Сол жерде әнұран ойнатып, ту көтердік.
Оралдық кәсіпкер кеңсесінің маңдайшасындағы мына туды бүгін іліпті. Айтуынша, бұрын туды ілудің нақты тәртібі айқындалмаған. Ал 13 шілдеден бастап Мемлекеттік рәміздерді орнату қағидаларына қатысты Үкімет қаулысына енген өзгерістерге сәйкес енді жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды ғимараттарға, оның ішінде балкондарға да 45 градус бұрышпен іле алады. Бұл норма 2020 жылдан бері заңнамада болғанымен, балконға орналастыру тәртібі нақтыланбаған еді.
Нұрбиғаш Сәтмағамбетова, БҚО қоғамдық даму басқармасының бас маманы:
- Қағидаларға Мемлекеттік Туды пайдалануға қатысты бірқатар талаптар да енгізілді. Мәселен, жеке тұрғын үйлерде Ту жерден кемінде үш метр биікте орнатылуы тиіс. Енді түнгі жарықтандыру міндетті емес. Ал егер ғимараттың ерекшелігіне байланысты Туды қасбетке орналастыру мүмкін болмаса, оны үй аумағындағы флагштокқа орнатуға болады. Айта кетерлігі, Ту жерге, еденге, суға немесе өзге де заттардың бетіне тимеуі тиіс. Ту тік орналастырылған жағдайда ұлттық өрнек матаның жоғарғы жағында болуы қажет.
Міндетті талап ту ұлттық стандартқа толық сәйкес болуы тиіс. Өңі кеткен, жыртылған, кірлеген Мемлекеттік Туды пайдалануға тыйым салынады. Туды әдейі бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, жалпы алғанда мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін кез келген әрекетке жол берілмейді.
Нұрбиғаш Сәтмағамбетова, БҚО қоғамдық даму басқармасының бас маманы:
- Қағидаларда Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, сондай-ақ оны киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, төсеніш және тұрмыстық мақсаттағы өзге де бұйымдарға орналастыруға тыйым салынған.
Сонымен бірге енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың киімі мен жабдықтарында қолдануға рұқсат етілді.
Сондай-ақ өзгерістердің бірі терминологияны біріздендіруге бағытталған. Бұдан былай нормативтік құқықтық актілерде «Гимн» атауының орнына «Әнұран» атауы қолданылады.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов