Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа моделі

Қазақстандықтардың басым бөлігі Құрылтай сайлауына қатысады. Қоғамның қызығушылығы жоғары. 

Әлеуметтік зерттеу нәтижесінің қорытындысы осындай. Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнамада азаматтардың 70 пайыздан астамы сайлауға баратынын айтқан. Елдің заң шығару жүйесінде жаңа кезең басталады. Басты қағида – ашықтық, кәсібилік және қоғамдық пікір. Заң шығарушы биліктің жаңа моделінің көздегені осы. Бұл туралы Алматыда өткен «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» атты сараптамалық алаңда айтылды. Ұйымдастырушысы – Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты. Сарапшылардың айтуынша, жаңа институттың тиімділігі оның өкілеттігінің ауқымымен шектелмейді. Қабылданған заңнамалық шешімдердің сапасымен анықталады.

Жеңісбек Төлен, ҚР Президенті жанында ҰҒА Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының басшысы:

- Құрылтай дәл осы әлемдік тәжірибенің озық үлгілерін пайдалана отырып, осы модельдерден қажетті бастамаларды алуы қажет. Өйткені Құрылтай заңды шығарып, заңды ұсынып қана қоймау керек. Заңды тікелей халықтың ұсыныстарын жинақтау арқылы яғни Конституцияда жазылғандай мемлекеттік биліктің  бастауы халық деп. Сондықтан  халықпен тығыз байланыста болуы керек.

Айгүл Сәдуақасова, ҚР ҒЖБМ философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры:

- Қабылданған Конституциямызды іске асыру бағытындағы алғашқы қадамдарды жасап жатырмыз. Соның бірі – Құрылтайды сайлау. Құрылтай біріншіден, заң қабылдайтын орган. Алайда ол тек заң қабылдайтын орган ғана емес. Оның тағы бір негізгі мақсаты – қоғамды біріктіру, сондай-ақ еліміздің Тәуелсіздігінің негізгі құндылықтарын сақтау.