Ақтөбе облысында 7 вокзал жаңғыртылады
Ақтөбе облысында жеті теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандардың дені – шалғайдағы станциялар.
Жаңғыртылған вокзалдар жолаушыларға жайлы жағдай жасап, облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға тың серпін бермек.
Ақтөбедегі теміржол вокзалы 1974 жылы салынған. Тоғыз жолдың торабында орналасқан нысан толық жаңартылып, заман талабына сай болады. Қазір екі қабатты негізгі залға үлкен лифт пен эскалатор орнатылды.
Бақытжан Кеңесарин, мердігер мекеме директоры:
- Эскалаторлар тәулігіне 6 мың адамды тасымалдайды. Жабдықтар сапалы материалдан жасалған. Кем дегенде 25 жыл қызмет етеді.
Ғимараттың қасбетінен бөлек барлық инженерлік желілері жаңартылды. Жертөлесінен бастап, әрбір бөлме желдету жүйесімен жабдықталды. Перронға асфальт төселіп, жолаушылар платформасы жаңарып шыға келді. Нысанды қайта жаңғыртуға 5 млрд-қа жуық теңге бөлінді.
Ерлан Нағиметов, Ақтөбе теміржол вокзалын реконструкциялау жобасының жетекшісі:
- Қазір барлық жұмыс аяқталды. Тек ортақ залды әрлеу, қабырлағаларына керамогранит плита бекіту сияқты жұмыстар қалды. Жаңа ақпараттық экран орнатылып, касса бөлігі толық жаңартылды.
Ақтөбе теміржол вокзалы арқылы тәуілігіне 30 пойыз өтеді. Алтауы халықаралық бағытта қатынайды. Көлік-логистикалық орталықты жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Теміржан Құсайынов, теміржол вокзалының басшысы:
- Вокзалымыздың маңызы өте зор. Облыс орталығының бас қақпасы деуге болады. Себебі теміржол халық үшін қолжетімді көлік түрі. Сондықтан вокзалда жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуіміз керек.
Жалпы облыс орталығынан бөлек тағы алты вокзал жаңғыртылып жатыр. Биыл Қандыағаш, Шалқар, Алға, Жем, Қарауылкелді және Шұбарқұдықтағы теміржол станциялары жаңа кейіпке енеді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов