Қостанай облысында металлургия өндірісі 30% артты

Қостанай облысында металлургия саласының өнімділігі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға өсті.

Металды өзімізде балқытып, өңдеп, дайын өнім түрінде шығару үлесі де артып келеді. Қазір өңірде доре қорытпасы, болат, шойын құю зауыттары жұмыс істейді.

Жолдас Нұғымановтың металл құюшы болып жұмыс істегеніне 4 жыл болды. Сұйық шойынның температурасын дәл бақылап, оны қалыпқа мінсіз етіп құю шыдамдылық пен жауапкершілікті қажет етеді, – дейді жас металлург. Темір, болатты иіп, илейтін мамандық иесі болғысы келетін жастардың қатары қазір көбейіп келеді.   

Жолдас Нұғыманов, металлург:                       

- Жұмысшыларға жағдай өте жақсы жасалған. Тамақ тегін, жұмысқа тегін апарады. Автоматикамен жұмыс істейміз, қолмен де жұмыс істейміз. Кіргенде өздері оқытты. Мен тез үйреніп алдым. Көбісі жастар, олар колледжден, университеттен кейін келеді.

Осыдан бір жарым жыл бұрын Қостанайда іске қосылған шойын құю зауыты - бүгінде жетекші өнеркәсіп орындарының бірі. Түрлі автокөліктің цилиндрлер блогы, бастиегі,белдігі осында қорытылған шойыннан құйылып жасалады. Ал қасындағы екінші кәсіпорында беріліс қорабының редукторлары шығарылады.

Алексей Котов, зауыттың бас директоры:                                

- Екі зауытта ТМД аумағында теңдесі жоқ заманауи технологиямен жабдықталған. Бұрын барлығы дөңгелектерді біріктіретін белдікті жасау үшін дәнекерлеу технологиясын қолданатын. Ал біз бүтіндей шойыннан құйып шығамыз.

Биылғы жарты жылдықта өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,5 триллион теңгеден асып түсті. Соның төрттен бірі тау-кен өнеркәсібіне тиесілі.

Жаңыл Ерментаева, Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының  бөлім басшысы:

- Өңднеу секторындағы металлургия үлесі соңғы 3 жылда 13 пайыздан 23 пайызға дейін өсті. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша салада 258 млрд. теңге  сомаға өнім өндірілді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға жоғары.

Қостанай облысында металлургия саласын дамыту бағытында тағы бірнеше жобалар қолға алынбақ. Рудныйда  металдандыру дәрежесі 90 проценттен асатын ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салу көзделіп отыр. Сонымен бірге стратегиялық жоспарға Лисаков қаласында титан, рутил, циркон концентратын өндіру жобасы енгізілген.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг