Бизнес нысандардың айналасы абаттандырылады
Бизнес иелері өздеріне тиесілі аумақты таза ұстауға міндетті. Өскемен қаласының әкімдігі айналаны абаттандыруға қатысты ереже бойынша кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жаңа заңнама 1 шілдеден бастап күшіне енді. Оған сәйкес бизнес өкілдері меншігіндегі нысанның айналасын бес метр радиуста таза ұстап, көгалдандыруы тиіс. Өскеменде сауда орындары мен базарлардың айналасын абаттандыру мәселесі көптен бері айтылып жүр. Алайда орталықта тәртіптің жоқтың қасы.
Белгіленбеген жерде сауда жасаудың салдарынан жол жиегі құрылыс қалдықтары мен көкөністің босаған қорабына толып қалады. Енді мұндай әрекетке барған саудагерлерге талап күшейді. 1 шілдеден бастап абаттандырудың жаңа ережелері күшіне енді. Бизнес иелері өзіне тиесілі аумақты таза ұстап, бес метр радиуста тәртіп орнатуы керек.
Руслан Әмірбаев, қалалық сәулет және жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Кәсіпкерлер өзіне тиесілі аумақты таза ұстауға міндетті. Қыстыгүні қар тазартып, мұзын ойып отыруы керек. Осы жағын қазір жаппай түсіндіріп жатырмыз.
Дегенмен меншігіндегі бизнес нысанның айналасын мұнтаздай таза ұстап, сырт келбетін келістіріп қойған кәсіпкерлер де бар. Олар жайлы жағдай тұтынушыларды көптеп тартуға мүмкіндік береді дейді.
Әлия Әзмұханова, кәсіпкер
- Бұл – қаламыз үшін өте маңызды мәселе. Айналаны таза ұстауға тырысамыз. Ауланы тазалайтын арнайы жұмысшымыз бар. Аптасына үш рет қоқыс шығарамыз.
Мысалы, Үлбі өзені жағалауындағы сауда орталығын өзгелерге үлгі ретінде ұсынуға болады. Мұнда кәсіпкер нысан айналасына түрлі гүл егіп, шағын баққа айналдырған.
Татьяна Иванова, дизайнер:
- Егер айналаға жанашырлықпен қарап, аз болса да үлес қоссаңыз, еңбегіңіз еш кетпейді деп ойлаймын. Мұндай көз тартатын көріністі тамашалаған адамдар тым болмаса алғысын айтып кетеді.
Жергілікті әкімдік қаланың аралап, абаттандыру ережесіне сай келмейтін нысан иелеріне тәртіп орнату жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Әмина Құрманжанқызы, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Алғашқы кезеңдерде кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндіріліп, ескерту беріледі. Ал талаптар бінеше рет орындалмаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Ескертуді елемеген кәсіп иелеріне салынатын айыппұл көлемі 110 мыңнан 369 мың теңгеге дейін өседі.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин