Жезқазғанда металлургтер мерекесі атап өтілді
«Қазақмыс» компаниясы металлургтерге құрмет көрсетті. Қарсақбайда басталған сан алуан мерекелік шаралар Жезқазғанда түйінделді.
Кәсіби мерекеге орай отандық металлургия саласының дамуына елеулі үлес қосқан еңбек озаттары марапатталды.
Жезқазғандағы мерекелік шара көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. «Бұл – отандық металлургия тарихына деген құрмет пен еңбек дәстүрін жалғастырып келе жатқан ұрпақ сабақтастығының нақты дәлелі», - дейді қатысушылар. Одан әрі облыс және компания басшылығы мәртебелі мамандық иелерінің құрметіне арналған салтанатты жиынға қатысты. Металлургтерді құттықтаған облыс әкімі саланың өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Есет Байкен, облыс әкімі:
- Жыл сайын осы өңірдің көрсеткіші, әлеуметтік-экономикалық сала бойынша металлургия саласының оң көрсеткіші, яғни өсімі байқалады. Ол өңірге жаңа мүмкіндіктер береді. Ол нәтиже тек қана осы металлургтердің адал еңбегі мен өз ісіне беріктігінің нәтижесі.
«Қазақмыс» компаниясы әлемде мыс өндірісі бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Катодты мыстың халықаралық 99,99 пайыздық таза стандартын тұрақты түрде қамтамасыз етіп келеді. Компанияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі бұл металлургтердің қажырлы еңбегінің нәтижесінде жүзеге асып отыр деді. Компанияның тек өндіріске емес, тұтас өңірдің дамуына жүйелі түрде инвестиция салып жатқанын атап өтті.
Руслан Өскенәлі, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:
- Құрметті әріптестер, ардагерлер, металлургтер мен сіздерді бүгін шын жүректен құттықтаймын. Кәсіби мейрамдарыңыз құтты болсын!
Салтанатты шарада еңбегімен ерекшеленген озаттар құрметке бөленді. Жоғары кәсіби шеберлігі, көпжылдық адал еңбегі үшін 70-тен астам металлург мемлекеттік, ведомстволық және корпоративтік наградалармен марапатталды.
Әлімжан Өкімбаев, металлург:
- Қарашаңырақ Қарсақбайдағы металлургиялық зауытта жұмыс істедім. Кейін Жезқазған мыс қорыту зауытына жұмысқа орналасып, осы салада еңбек етіп келемін. Бүгін ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісін алып отырмын. «Қазақмыс» корпорациясына алғысымды білдіремін. Мереке құтты болсын!
Мерекелік шара Metallurg Fest фестивалімен жалғасты. Қаланың орталық алаңы думанға бөленіп, мыңдаған тұрғынның басын қосты. Ауқымды отбасылық бағдарлама ұйымдастырылды. Балалар үшін арнайы ойын алаңдары мен арт-кеңістіктер әзірленді. Аниматорлар мен алып қуыршақтар кішкентай қонақтарға шаттық сыйлап, мерекенің сәнін келтірді. Тұрғындар: «Бұл – металлургтер мен олардың отбасына деген құрмет пен алғыстың белгісі», - дейді.
Жанұзақ Кенбаев, қала тұрғыны:
- Менің еңбек демалысына шыққаныма 12 жылдай болды. Жылына бір рет келетін осы мерекеде осылай келіп, амандасып, құттықтап, қуанышымызды бөлісеміз. Қарап отырсаң, барлығы көңіл сүйсінерлік. Бұл – еңбек адамына көңіл бөліп, оның еңбегін лайықты бағалаудың өте жақсы көрінісі.
Саят Әтен, Жезқазған мыс қорыту зауытының директоры:
- Металлургтердің көңіл-күйі өте жақсы деп ойлаймын. Жыл сайынғы дәстүрге байланысты іс-шарамызды іске асырып жатырмыз. Қазір концерт беріп жатырмыз. Концертті беру себебіміз осы жұмыскерлеріміздің, Жезқазған халқының көңіл күйін көтеріп осындай шара істеп жатырмыз.
Орталық алаңда қазақ эстрадасының әншілері және атақты «Ялла» тобы өнер көрсетті. Мереке Жезқазған аспанын алуан түске бояған әсем отшашумен түйінделді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев