Көшпелілер өркениеті Қытай көрерменіне жол тартты

Қытайда «Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті» көрмесі ашылды. Жоба ежелгі және ортағасырлық көшпелі халықтардың тарихы мен мәдениетін таныстыруға бағытталған. 

Халықаралық іс-шара Ханчжоу қаласында өтіп жатыр. Көрме Қытайдың Чжэцзян аймақтық музейіне қойылды. Экспозициясы бірнеше ақпараттық бөлімнен тұрады. Мұнда Қазақстанның ұлттық орталық музейі 279 бірегей археологиялық жәдігер ұсынды. Барлығы Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі және ортағасырлық көшпелі халықтардың тарихын, өнері мен мәдени мұрасынан хабар беретін құнды экспонаттар.

Сержан Саров, ҚР Ұлттық орталық музейінің директоры:

- Өйткені орта ғасырларда бұл өңірде мәдениет өте жоғары деңгейде дамыған. Сол кезеңде теңгелер соғылып, сауда-саттық қарқынды өркендеді. Сонымен қатар бұл жоба Қазақстан мен Қытайды байланыстырған Ұлы Жібек жолының тарихи маңызын насихаттауға бағытталған. Археологиялық бағытқа ерекше мән беріліп отыр, өйткені Қытай тарапы дәл осы кезеңге үлкен қызығушылық танытып отыр. Сондықтан көрмеге қола дәуірінен бастап әр кезеңді қамтитын реконструкциялар, сол заман адамдарының киім үлгілері мен басқа да археологиялық жәдігерлер ұсынылды.

Көрмеде аңдық стильде жасалған бірегей алтын әшекей бұйымдарды, керамика ыдыстарын, қола қазандар мен түрлі қару-жарақтарды көруге болады. Ең басты жәдігер – Алтын адам. Халқымыздың құнды мәдени мұрасы туралы мәлімет келушілердің ерекше қызығушылығын туғызды.

Уо Чжао, Ханчжоу қаласының тұрғыны:

- Мен баламды арнайы ертіп келдім. Ол көрші елдің тарихын білуі тиіс деп санаймын. Біз сияқты қарапайым қытайлықтарға бұл үлкен мүмкіндік. Археологиялық қола бұйымдар, әсіресе Алтын адам Қазақстанға деген қызығушылығымызды арттырды.

Лю Сяуган, Ханчжоу қаласының тұрғыны:

- Көрмеден үлкен әсер алдым. Кейбір көркем бейнелер мен жәдігерлерге қарап Қытайдың дәстүрлі мәдениетімен ұқсас тұстары бар екенін байқауға болады. Сондай-ақ мәдени ерекшеліктері де көп. Бұған дейін білмеген тың мәліметтермен танысып, көріп шықтым.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл көрмеде көшпелілердің тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті ғана емес, Ұлы даладағы сауда-саттықтың дамуын дәлелдейтін құнды жәдігерлер қойылған. Соның бірі Ұлттық орталық музей ұсынып отырған нумизматикалық коллекция. Мұнда Отырар, Тараз, Самарқанд, Хорезм сияқты ортағасырлық шаһарларда жасалған алтын, күміс, мыс теңгелер ұсынылған. Бұл жәдігерлердің барлығы Ұлы Жібек жолы бойындағы экономикалық байланыстардың сол заманда жоғары деңгейде болғандығын айғақтайды.

Халықаралық көрме Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы аясында өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар көрме жұмысын арнайы Қытайдың шығыс бөлігіне қарай бағыттаған. Бұл көрші елдің экономикасы – ең дамыған әлеуеті зор, әрі халық тығыз орналасқан аймақтарының бірі.

Го Ниннин, Бейжің «Цзиньнянь Цзиэ» мәдени коммуникациялар жөніндегі компанияның жетекшісі:

- Мұндағы барлық жәдігерлер – Қазақстанның ұлттық орталық музейінің маңызды әрі құнды коллекциялары. Олардың арасында шетел көрмелеріне сирек ұсынылатын «Алтын адам» да бар. Бұл қазақстандық тараптың осы көрмеге ерекше мән беріп отырғанының белгісі. Көрме арқылы екі ел арасындағы достық қарым-қатынас одан әрі нығая түседі деп ойлаймын.

Нұрлан Аққошқаров, Қазақстанның Шанхайдағы бас консулы:

- Қазақ мәдениеті, қазақтың ежелгі тарихын таныстыру – біз үшін өте маңызды. Өйткені қазақ халқының мәдениетін түсіну үшін ең алдымен біздің жерімізде болған көшпенділердің мәдениетін білуі керек. Қазақстан мен Қытайдың арасындағы қарым-қатынас бізге белгілі 30 жылдық ғана емес, біздің байланысымыз сол сақ, ғұн дәуірінен бастап болатыны осы бүгінгі тарихи жәдігерлер біздің бұрыннан келе жатқан байланысымызды тағы да паш етті. Дәлелдеді.

Көрме аясында Қазақстанның Ұлттық музейі мен Қытайдың Чжэцзян аймақтық музейі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге жол ашады. Сонымен қатар тәжірибе алмасып, Ұлы Жібек жолының тарихи ескерткіштерін зерделеуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, көрме жұмысы 11 қазанға дейін жалғасады. 

Авторы: Руслан Бақытбекұлы