Мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдайды

Ақмола облысында әлеуметтік кәсіпкерлер саны артып келеді. Тұрғындардың осал топтары үшін жаңа жұмыс орындары құрылып, оңалту қызметтері қолжетімді бола бастады.

Маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге ниетті кәсіп иелерін мемлекет те қолдап отыр. Мысалы былтыр 16 адам бизнесті дамытуға бес миллион теңге көлемінде грант алды.

Жұлдыз Тілеуова бірнеше жыл бұрын сөйлеу қабілеті бұзылған балалар үшін орталық ашқан. Былтыр кәсіпкер ісін одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттік грант алды. Қазір орталықта 2 жастан 7 жасқа дейінгі 70-ке жуық бала сөйлеу дағдысын дамыту сабағына қатысады.

Жұлдыз Тілеуова, кәсіпкер:

- Грант ақшасына балаларға арналған инновациялық жабдықтар мен жиһаз сатып алдық. Мемлекеттің қаржылай қолдауы бізге көмек болды. Себебі мұнда түрлі жастағы балалармен жұмыс жасағандықтан қажетті құрал-жабдықтардың да түрі сан алуан болу керек. Осы көмек арқасында ақылы қызметтің бағасын қала бойынша ең төменгі деңгейде ұстап отырмыз.

Мемлекеттік қолдау алған тағы бір орталық – Көкшетаудағы мүгедектігі бар балаларды оңалту қоры. Мұнда логопед, дефектолог және психологтар балаларға кешенді көмек көрсетеді.

Гауһар Қамелинова, кәсіпкер:

- Әлеуметтік кәсіпкер ретінде мемлекеттен грант алдым. Ол бізге қызметтерді кеңейтуге мүмкіндік берді. Орталық логопед-дефектолог, психолог, емдік гимнастика, терапевт секілді мамандармен толықты. Яғни, бірнеше қызметті бір жерде көрсете аламыз.

Елена Самсонова, қала тұрғыны:

- Қалада осындай орталықтың ашылғаны қуантады. Балам үшін өте қажет. Себебі мұнда барлық маман бір жерде шоғырланған. Жан-жаққа жүгірудің қажеті жоқ.

Өңір бойынша 2024 жылдан бері 43 әлеуметтік кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болды. Нәтижесінде жұмыс орындары құрылып, білім беру, экология және мәдениет саласында бастамалар жүзеге асты.

Дана Жұманова, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:

- 5 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық тізіміне енген кәсіпкерлерге, сондай–ақ "Бір ауыл - бір өнім" бағдарламасының финалистеріне беріледі. Тоқсан сайын кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы осы тізімге қосылуға ниетті кәсіп иелерінің құжаттарын қабылдайды. Мемлекеттік гранттар үшінші тоқсанда өтетін конкурс нәтижесінде беріледі.

Жыл басынан бері республикалық тізімге өңірдің 64 әлеуметтік кәсіпкері енген. Бұдан бөлек, әлеуметтік жобаларды дамыту үшін облыс бюджетінен 161 миллион теңге бөлінді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Арайлым Шытырымбек, Виктор Полянный