Жетісуда «Алакөл толқыны-2026» фестивалі өтті

Жетісу облысында туризмді насихаттауға бағытталған «Алакөл толқыны-2026» фестивалі өтті.

Ақши ауылындағы ән кеші республикалық деңгейде бекітілген ауқымды шаралардың бірі саналады. Жаз басталғалы Алакөлдің Жетісу облысына қарасты аймағында 400 мыңнан аса адам тыныққан.  

Алакөлдің жағалауын әсем әнге бөлеген фестиваль Ақши ауылында осымен екінші рет өтті. Ашық аспан астындағы концерт шипалы суға шомылуға келгендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аяулым Асанқызы, турист: 

- Концерт өте күшті өтіп жатыр. Өзімізге ұнайтын өлеңдер айтылып жатыр. Яғни бәріміз білетін әншілер. Жастардың көңілінен шығуда деп ойлаймын. 

Туристік аймақта мәдени шаралардан бөлек инфроқұрылымдық жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Бірқатарының құрылысы аяқталып, игілігін ел көре бастады.

Мәрлен Көлбаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі таңда электр желісі толықтай жеткізілді. Қазір жағалауда электр мәселесі жоқ. Орталықтандырылған су толығымен жеткізілді. Судан мәселе жоқ. Үшінші жол толықтай жасалып бітті. Енді ауылдың  ішіндегі жолдар бар. Бірақ қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сол аяқталғаннан кейін ауылішілік жолдарын жасап береміз. Одан кейін кәріз желісі. 69,7 км кәріз желісі жүргізіліп болды. Қазір соңғы этапы қалды. Очистительный сооружение ол жылдың соңында салынып бітеді. Содан кейін демалыс аймақтары қосылып, кәріз мәселесі толығымен шешілетін болады.

Елде туризмді насихаттауға арналған 55 республикалық шара бекітілген. «Алакөл толқыны» фестивалі соның 26-ншысы. Жалпы аймақта саланы дамытудың кешенді жоспары әзірленген. Соған сәйкес Балқаш көлінің жағалауында да тынығушыларға қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Мирас Төлебаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары:

- Жетісу облысының туризмінің көрсеткіштері жылдан жылға өсіп келе жатыр. Республика деңгейін алатын болсақ 9 млннан астам былтырғы жылды алатын болсақ ішкі туристер келді. Одан бөлек шетелден келген туристер көбейіп жатыр. Жыл сайын 20-30 пайызға өсіп келе жатыр. Барлық көрсеткіштер. Оның ішінде инвестиция бар. 1 трлн теңге құйылды. Жалпы туризмнің үлесі экономикадағы үлесі 5 трлн теңгеден асады. 

Көктемде Жетісу облысында «Сиверс алмасының гүлденуі» тойланды. Жазда «Алакөл толқыны» өткізілсе, алдағы күзде «Құландар мекені» фестивалі ұйымдастырылады. 

Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов