Таразда екі зауыттың құрылысы басталды

Таразда металлургиялық және қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату зауыттары салынады.

Жобалардың бірі жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығарады. Ал екіншісі тәулігіне 900 тонна қалдық өңдеп, 20 мегаватт электр энергиясын өндіреді.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату зауыты кореялық технологиямен салынады. Жобаның құны 130 миллион доллар. Кәсіпорынның алғашқы кезеңі 2027 жылдың наурыз айында пайдалануға беріледі. 

Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі:

- Қатты қалдықтарды өңдейтін зауыттың құрылысының басталуы көптен күткен сәт. Біздің қоқыс полигондарына да ауыртпашық қысым азаятын болады. Экологиялық жағдай едәуір жақсаратын болады. 

Өнербек Сейітхамза, "For You Energy" компаниясының бас директоры: 

- Оқытушы мамандарды 10 процентін ғана Оңтүстік Кореядан алып келеміз. Ал 90 процентін осы Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамтуға мақсатымыз бар. 15 жыл істеп, одан кейін осы өндірісімізді Жамбыл облысына табыстап кететін боламыз.  

Ал құны 55 миллиард теңге болатын металлургиялық зауыттың құрылысына қытайлық компания инвестиция салған. Кәсіпорын жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығарады. Зауыт іске қосылғаннан кейін 350 жаңа жұмыс орыны ашылады. Бұл өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Чжоу Циньхуэй, "Guangdong Wantai Supply Chain CO. LTD." компаниясының бас директоры:

- Зауыт салу үшін Орталық Азиядағы бірнеше елді қарастырдық. Әйтеуір таңдау Жамбыл облысына түсті. Себебі мұнда инвесторларға жан-жақты қолдау жасалады. Жер телімі, инфрақұрылым және электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелері шешілген. Яғни металл өңдеу өндірісі үшін өте маңызды.

Қазір Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 5,6 триллион теңге тең 116 жоба бар. Олар жүзеге асырылса, аймақта 20 мыңға жуық жұмыс орыны ашылады. Жалпы биыл өңірде құны 471 миллиард теңге болатын 47 инвестициялық жоба іске асырылады. 

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә