Оралда жылу желілері жаңартылып жатыр

Оралда қысқы маусымға дайындық қызу жүріп жатыр. Биыл магистральды жылу желілерін жаңғыртуға 6 миллиард теңге бөлінді.

Сонымен қатар жылу-қуат орталығындағы негізгі құрал-жабдықтарды жөндеу жұмыстары қоса жүруде. Қаһарлы қыстан қала тұрғындарының қалтырамай шығуы осы іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы атқарылуына тікелей байланысты болмақ.

Қала орталығындағы №7 магистральды жылу желісі 24 әлеуметтік нысанға, 130 көппәтерлі үйге жылу жеткізеді. Құбырлар жарты ғасыр бұрын салынған. Уақыт тезіне төзбей әбден тоттанған 1,8 шақырым темір құбыр бүгінде толық жаңаланған. Сонымен қатар ет комбинаты, жөндеу зауыты ауданындағы магистральды желі де жаңартыып жатыр. Екі жобаны да қыркүйекке дейін тапсыру жоспарланған. Ал Құрылысшы ықшам ауданындағы көше ішілік жылу желілерінің жартысы ауыстырылады. Орал жылу қуат орталығындағы қазандықтар мен көмекші құрал-жабдықтардың жайы да басты назарда.

Бақытжан Әкімғожин, «Жайықжылуқуат» АҚ Бас директоры:

- Жылу электр орталығы бойынша үш үлкен қазандығымызға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда екеуі бітіп тұр. Соның үшіншісін тамыз айының аяғына дейін бітіреміз деген жоспар бар. Орал жылу электр орталығы қызыл аймақта тұрды. Тозу деңгейі - 83%. Біздер қазір үлкен жобалар дайындап жатырмыз. №3 бу турбинасын және де №1, 2, 3 қазандық агрегаттарын және де су жылытқыш қазандықтарымызды реконструкция жүргізу бойынша жобалар дайындап жатырмыз.

Бұл шаралар Орал жылу қуат орталығын алдағы жылдары қызыл, яғни қатерлі аймақтан шығаруға бағытталған. Сонда 2029 жылы орталықтағы қазандықтар мен жабдықтардың тозу көрсеткіші 83%-дан 60%-ға төмендемек.

Бейімбет Мусин, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Энергетика коммуналдық секторды жаңғырту жобасы аясында барлық жұмыс басталды. Биылғы 30,2 миллиард теңге, «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамына тоқталатын болсам, жылыту маусымы дайындығы аясында 2,2 миллиард теңгеге үш қазандықты ауыстыру және де 9 километр жылу жүйелерін жаңғырту бойынша жұмыстары жасалып басталды. Қазір орындалу 50% құрайды.

Мамандардың сөзінше, Орал жылу қуат орталығындағы таяу жылдарға жоспарланған жұмыстарға кем дегенде 30 млрд теңге қажет. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов