Елде инвестициялық алаяқтық белең алды
Қазақстанда инвестициялық алаяқтық белең алды. Арам пиғылдылар әлеуметтік желі, мессендж және форумдарда түрлі инвестициялық компания атынан оңай табыс көзі туралы жалған ақпарат таратып жүр.
«Токенделген алтын», «жоғары табысты жасанды интеллект әзірлемесі» немесе «нейрожеліге негізделген трейдер-роботтан» түсетін табысты жарнамалайды. Алаяқтар өздерін қаржылық кеңесші ретінде таныстырып, «инвестициялық платформаның» немесе «криптовалюта сервисінің» жалған статистикасын көрсетеді. Сөйтіп астыртын веб-сайтқа тіркелуге үгіттейді. Инвестициялық кызметті барынша сенімді ғып көрсету үшін тіпті мөр, қол қойылған хат, сериялық нөмір сияқты жалған құжаттар жібереді. Ал салық мен комиссия түріндегі төлемдерді қабылдаған соң онлайн әккілер дереу платформаны бұғаттайды. Осы ретте ұлттық банк халықтың жеке есепшоттарымен жұмыс істемейтінін ескертіп, мейлінше абай болуға шақырады.